Самғау - бұл әлеуметтік кәсіпкерлік идеяларын көпшілікке таныстыру мақсатында өткізілетін Атыраудағы жастарға арналған бизнес-фестиваль. Фестиваль 2018 жылдан бері өткізіліп келеді және осы уақыт аралығында оған 1000-нан астам мектеп оқушылары мен студенттер қатысты.

16 қаңтарда Атырауда жастарға арналған «Самғау» бизнес-фестивалі өтті. Осымен бесінші рет ұйымдастырылып отырған іс-шара «I-SEED: инновациялар — әлеуметтік кәсіпкерлік және білім беру» жобасының аясында өткізілді. Фестивальді British Council «Шеврон» компаниясымен және облыстық әкімдікпен бірлесіп ұйымдастырды.  

Осы іс-шараның арқасында оқушылар мен студенттердің кәсіпкерлікке деген ынтасы оянса деген мақсат бар. Әрі оларға іскерлік машық пен көшбасшылық қабілетті дамытуға мүмкіндік беруде көзделді.

Бұл жоба жыл сайын өтеді. Атыраудың белсенді жастарын қалыптастыруға өз үлесін қосып жатқанына біз өте қуаныштымыз.  «Самғау» фестивалі болашақ стартаперлерге бизнес-атмосфераға еніп, қаржылық сауатын арттыруға, қаланың әлеуметтік мәселелерін шешу үшін өз кәсіпорнын ашуға мүмкіндік береді, - дейді «Шеврон» компаниясының қоғаммен байланыс бойынша координаторы Жанар Қошпанова.

 Табысты кәсіпкерлер мен алдыңғы қатарлы бизнес-тренерлер онлайн-форматта «Самғау» фестивалінің қатысушыларына өз ісін жүргізудің түрлі аспектісі туралы әңгімелеп берді.

Фестиваліміздің қатысушылары бүгінде әбден аяққа тұрған бизнесмендер мен тәжірибелі бизнес-тренелердің әңгімесін тыңдады. Олар өз кәсібіңді қалай жүргізу керегі жөнінде мол мағлұмат берді, қыр-сырын айтты. Сонымен бірге кәсіпкерлікке қай жерден үйренуге болатынын, стартап-жобаларға арналған өз идеяларын қалай түрлендіруге болатынын айтып берді. Одан бөлек, бизнесті бюджетсіз жүзеге асыру, болашақ клиенттерге өзіңіз жайлы ақпаратты қалай беру және т.б тақырыптарды қамтыды, - дейді I-SEED жобасының менеджері Абай Әміров. 

Фестиваль қатысушылары ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының құрметіне ұйымдастырылған Abay Oqulary поэзия байқауына, ең үздік әлеуметтік жобаны анықтайтын «StartUP жанұя» отбасылық конкурсына қатысуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, «Мен бизнесімді 25-ке жетпей тұрып бастадым» деректі фильмінің премьерасын тамашалады. Мұнда Атыраудың жас кәсіпкерлерінің табысқа жету жолдары айтылды. Фестивальдің соңында жастар қазақстандық әнші Мирас Жүгінісовтыі онлайн-концертіне шақырту алды. Жалпы алғанда іс-шараға 1000-нан аса адам қатысты.

Бизнес-фестивальдің толық видеосын көріңіз.