IELTS тестінің сөйлеу бөлімі сізді қорқытуы мүмкін. Бірақ тестке дайындалудағы барлық қажырлы еңбегіңізді ескере отырып, сөйлеу бөлімін емтихан алушыға ағылшын тілінде сөйлеу дағдыларыңыздың қаншалықты жақсы екенін көрсетуге мүмкіндік деп есептесе болады.
Біздің әлемдік IELTS сарапшымыз Hazan Hayaloğlu тестің сөйлеу бөлімін сәтті тапсыруға көмектесетін кеңестерімен бөлісті.
IELTS тестінің сөйлеу бөлімі дегеніміз не?
Кеңестерге көшпес бұрын IELTS емтиханының сөйлеу бөлімінің негізгі үш тарауын қарастырған жөн.
- 1-тарау — өзіңіз және отбасыңыз туралы сұрақтарға жауап бересіз.
- 2-тарау — емтихан алушы берген тақырып бойынша 1-2 минуттық монологыңыз.
- 3-тарау — емтихан алушымен 2-тарауда берілген тақырыпты ұзағырақ уақыт талқылайтын боласыз.
Енді IELTS тестінің сөйлеу бөлімін жақсы тапсыруға көмектесу үшін менің сүйікті нұсқаулықтарымды қарастырайық..
1. Бойыңызды еркін ұстаңыз!
Тіл үйренушілердің көпшілігі оқып жатқан тілде сөйлеу - ең қиын дағды екеніне сенімді. Сіз сөйлемдерді дұрыс құруды, дұрыс сөздерді таңдауды, оларды дұрыс айтуды, ана тілінен тікелей аударудан аулақ болуды, өз ойыңызды дұрыс жеткізуді, дұрыс интонацияны қолдана білуді және өз ойыңызды дәйекті түрде жеткізуді үйренуіңіз керек. Қиын тапсырма!
Ойыңызда көп нәрсе болғандықтан, босаңсу қиын. Бірақ емтихан алушы сіздің қателіктеріңізге емес, ауызша сөйлеудегі жағымды аспектілерге назар аударатынын есте ұстаған жөн. Емтихан алушы сіз білмейтін емес, білетін нәрселерді анықтап, сізге жайлы атмосфера жасауға тырысады. Досыңызбен әңгімелесіп отырсыз деп елестетіңіз. Бұл жай ғана сөйлесу - сіз күнделікті жасайтын нәрсе.
Сонымен қатар, мұнда сіздің нақты тақырыптар бойынша біліміңіз бағаланбайтынын ұмытпаңыз. IELTS сөйлеу бөліміндегі тақырыптар сіздің өміріңізге, тәжірибеңізге және пікіріңізге негізделген. Мысалы, сізден үй жануарыңыз, туған қалаңыз, ең жақын досыңыз немесе жұмысыңыз туралы сұрауы мүмкін. Көптеген адамдар өздері туралы сөйлескенді ұнатады, сондықтан өзіңізді еркін сезінсеңіз болады. Бұл жерде дұрыс немесе бұрыс жауап жоқ!
2. Толық жауап беріңіз
Көп сөйлесеңіз, тілді қаншалықты еркін меңгергеніңізді көрсете аласыз. Жауаптарыңызды дәлелдеуге үйренуге тырысыңыз. Егер емтихан алушы "неге? " деп сұрай берсе, сіздің жауаптарыңыз толық емес болды деген сөз. Еркін сөйлеу – IELTS тестінің бағалау критерийлерінің бірі. Еркін сөйлеу үшін сөздеріңіз су сылдырлап құйылғандай естілуі керек. Көп сөйлеп жатырмын деп алаңдамаңыз!
Еркін және еркін емес сөйлейтін адамдардың айырмашылығын түсіну үшін төменгі жауаптарды қараңыз.
Answer | Better answer |
Examiner: What is your favourite pet animal? Candidate: My favourite pet animal is a cat. Examiner: Why? Candidate: Because they are cute. |
Examiner: What is your favourite pet animal? Candidate: My favourite pet animal is a cat. I have always found myself drawn |
3. Бір минут ішінде бәрін үлгеріңіз
Сөйлеу бөлімнің екінші тарауында - яғни берілген тақырып бойынша монолог айту қажет болғанда - емтихан алушы сізге осы монологқа дайындалуға бір минут береді. Осы уақытты тиімді пайдаланыңыз!
Егер тақырып сізге беймәлім болса, абыржымаңыз: сіз өзіңізді басқа біреудің орнына қойып, соның атынан сөйлей аласыз. Мысалы, егер спорттық шара туралы айту қажет болса және сіз спортқа қызығушылық танытпасаңыз, сіз өзіңізді спортты жақсы көретін досыңыздың орнына қойып, досыңыздың тәжірибесімен бөлісе аласыз. Дұрыс немесе бұрыс жауаптар жоқ: тек сіздің сөйлеу дағдыларыңыз бағаланады.
Монологқа енгізу қажет заттар анықтама картасында көрсетіледі. Берілген минутта түйінді сөздерді жазып алуға кеңес беремін (сөз тіркестерін жазуға тым ұзақ уақыт кетеді). Сонда сіз жаңылған кезде қағазыңызға қарай аласыз. Егер сіз бәрін айтып қойған болсаңыз және әлі уақыт қалса, қосымша заттар туралы айта аласыз. Жеткілікті ұпай жинау үшін сіз көп кідірмей сөйлеуіңіз керек. Сондықтан бұл жазбалар пайдалы болады!
4. Жаттаудың қажеті жоқ!
Сөйлеу бөлімінің сұрақтары бір үлгі бойынша жүреді. Бірінші тарауда сізге туған қалаңыз, жұмысыңыз немесе хоббиіңіз сияқты жеке тақырыптар бойынша сұрақтар қойылады. Екінші тарауда сіздің тәжірибеңізге назар аударылады, осылайша сіз қаланы, адамды немесе затты сипаттай аласыз. Үшінші тарау – екінші тараудағы тақырып бойынша өз пікіріңізбен бөлісу.
Сәйкес сөздік пен кең тараған тіркестерді білу маңызды болса да, мәтіннің үлкен бөліктерін жаттап алу керек емес. Емтихан алушылар жатталған жауаптарды анықтауға үйреген және бұл үшін сіздің ұпайыңызды төмендетеді.
Оның орнына, сөздерді "спорт" немесе "кинематография" сияқты санаттарға топтастыру арқылы өзекті лексиканы зерттеуді ұсынамын. Бұл әдіс сізге IELTS тестінің басқа бөлімдері бойынша сөздік қорыңызды жақсартуға көмектеседі – себебі сіздің ұпайларыңыз сіздің сөздік қорыңызға тікелей байланысты!
5. Таза және табиғи ырғақпен сөйлеңіз.
Сөйлеуді тездетпеуге тырысыңыз. Тым жылдам қарқын сіздің сөйлеу ұпайларыңызды жақсарта алмайды, бірақ бұл қосымша қателіктерге әкелуі мүмкін. Оның орнына сабырлы болыңыз, таза сөйлеңіз және табиғи ырғағыңызды сақтаңыз. Акцентіңізге алаңдамаңыз: IELTS тестінде барлық акценттер қабылданады. Тек сөздерді дұрыс айтуға тырысыңыз.
6. Берілмеңіз!
Адамдар үш жағдайда істен бас тартқысы келеді. Айтарым: берілмеңіз!
Бірінші жағдай – дұрыс сөзді таба алмау. Мұндай жағдайға тап болсаңыз, ұзақ үнсіздіктен аулақ болуға тырысыңыз. Айтқыңыз келетін нәрсені басқа сөздермен жеткізуге тырысыңыз; өз ойыңызды білдірудің басқа жолдарын табыңыз.
Екінші жағдай – бұл тақырыппен таныс болмауыңыз немесе бұл мәселе бойынша өз пікіріңіз болмауы. Бұл жағдайда сұраққа жауап беру үшін фантазия қосыңыз. Ұқсас жағдайға тап болған адамның орнына өзіңізді қою сізге қажет идеяларды тез табуға көмектеседі.
Үшінші жағдай – егер сіз емтихан алушының сұрағын түсінбеген болсаңыз. Мұндай жағдайда сіз әрқашан түсініктеме сұрай аласыз (бірақ тым көп сұрақ қоймауға тырысыңыз).
7. Сөйлегеніңізді жазып жүріңіз
Егер сізде ағылшын тілінде сөйлеушімен әңгімелесуге мүмкіндік болмаса, сіз өз бетіңізше жаттығу жасау арқылы жақсы нәтижеге қол жеткізе аласыз. Қалайша? Практикалық сабақтарыңызды жазып және IELTS бағалаудың төрт өлшемі бойынша өзіңізді бағалау арқылы – ауызекі сөйлеу, сөздік қор (сіздің сөздігіңіз), грамматика мен дұрыс айтылым.
Өзіңіздің әлсіз жақтарыңызды анықтау үшін сөйлегеніңіздің аудиожазбасын тыңдаңыз. Жақсырақ сөз таба алдыңыз ба? Қаншалықты еркін сөйлейсіз? Күрделі сөз тіркестерін қолдана алдыңыз ба? Айтылымыңыз қалай естіледі? Жазбада жақсы естіле бастағанша кемшіліктеріңізбен жұмыс жасаңыз.
8. Не күту керектігін біліңіз
Егер сіз IELTS тестін бірінші рет тапсырсаңыз, оның форматымен және бағалау критерийлерімен танысу пайдалы болады. Не күту керектігін білу сізге байсалдылық сақтауға көмектеседі.
Мен сізге тест тапсырар алдында келесі сұрақтарға жауап беруге кеңес беремін.
- Бұл қанша уақыт алады?
- Неше бөлім бар?
- Мен әр бөлімде не істеуім керек?
- Бағалау критерийлері қандай?
Осы және басқа сұрақтарға біздің сайтымыздың IELTS бөлімінен жауап таба аласыз.