ҮН ШЕБЕРІ: Музыкалық аспап шебері Мадияр Жапабаев оқиғасы
БАСТАУ
Менің есімім Мадияр Жапабаев, жасым жиырма тоғызда. Оңтүстік Қазақстан, Кентау қаласының маңындағы Ащысай елді мекенінде дүниеге келгенмін.
Отбасымда қолөнершілер болмаған, тек әкемнің інілері ағашпен айналысады.
2012 жылы Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің графика факультетін бітірдім. Оқу бітіргеннен соң Алмас Мұстафаевтың шеберханасында жұмыс істеп, алғашқы аспаптарымды жасай бастадым. Мен үшін университетімізде сабақ берген үлкен ұстазымыз Жолаушы Тұрдығұловтың музыкалық аспаптар жасау жағынан, жалпы қолөнер жағынан әсері көп болды.
Домбыра үйрету курсына домбыра жасай бастаған кезде бардым. Аспаптарды шын мәнінде дыбысын сезіп шығару үшін әрбір шеберге домбырада ойнай білу қажет деп ойлаймын.
ҮДЕРІС
Аспап жасау — көп еңбекті талап ететін жұмыс: әрбір деталіне мән беру қажет. Нақтылықты талап етеді: артық жасап немесе қалыңдықтарын кем қылып қоюға болмайды, өйткені жасаған затыңның әрбір бөлігі домбыраның шығу дыбысымен тікелей байланысты. Сезініп отырып жасау керексің. Мен оркестрдің кез келген аспабын жасай беремін, алайда домбыра мен прима-қобыз аспаптарын жасағанды жаным көбірек сүйеді. Үлкен сұранысқа ие болып, ең көп жасалынатыны да осы екі аспап.
Орташа домбыраны дайындау үшін 5-7 күн уақыт кетеді. Жұмысымызға қайың, жаңғақ, үйеңкі ағаштарын, жергілікті және африкалық қарағаштарды, палисандр мен канадалық бұйра үйеңкіні қолданамыз. Шетелдік материалдарды арнайы тапсырыспен алдыртамыз. Ал сыртқы бет қақпағына әдетте өзіміздің Тянь-Шань шыршаларын пайдаланамыз. Арасында қайың ағашы мен жаңғақ ағашы жұмыс істегенге ең ыңғайлы. Олар ойғанға ыңғайлы, иіргіш келеді, тазалаған кезде де әдемі көрінеді.
Өнерімнің қиыншылығы — аспаптың дыбысын таза, құлаққа жағымды қылып шығару. Сонымен қатар, домыбра әншілерге және күйшілерге, ер балаға және қыз балаға болып дауыстарына байланысты арнайы бөлінеді. Әннің домбырасы күйге келе бермейді, күйдің домбырасы әнге келе бермейді. Сол себепті тапсырыс алатын кезде біз домбыраның не үшін керек екенін сұрап аламыз. Осы арқылы дыбысын шығарамыз. Сапалы әрі дыбысы жақсы дүниелер шығару — істің ең маңызды тұсы болып табылады.
ТАМЫРЛАР
Маған кішігірім жаңадан шығып жатқан ансамбльдер жиі келеді. Оларға арнап мен түрлі-түрлі ұлтық аспаптар даярлаймын: домбыра, асатаяқ, дабыл, шертер. «Тұран», «HАSSAK», «Алатау шерлері» сияқты ансамбльдер де болған. Кейде көрші Қытай, Моңғолия, Ресей қазақтарынан да тапсырыстар түсіп тұрады.
Біздің көшпенді қазақ мәдениетінің бастауы тереңде жатыр: домбыра аспабы көптеген басқа аспаптардың арғы атасы болған, ал ең көне аспап — қылқобыздан скрипка пайда болған деген деректер де бар.
Кейде адамдар ұлттық оюлардан жалығады, жаңа нәрсе іздей бастайды. Тапсырыс берушілер арасында «Осындай оюымен болса ғой, ерекше болсыншы,» - деп сұрайды. Сол кездерде мен аспаптарға заманауи детальдер қосуға тырысамын.
ШАБЫТ
Мен Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесімін. Бұл бұтаққа кіргелі көптеген көрмелерге, тренингтерге, байқауларға, фестивальдерге қатыстық. Шеберлігімізді шыңдадық, тәжірибе алмастық. Одақтың арқасында өнімдеріміздің сапасын арттырдық, үздік шеберлермен танысып, олардан біраз үйрендім. Осының барлығы үшін Қолөнершілер одағының басшысы Бекқұлова Айжан Әбдіманапқызына көп алғысымызды айтамыз. Мен «Шебер» байқауына төрт рет қатысып, үш рет жеңімпаз атандым.
Бірнеше жыл бұрын Алматыда өз шеберханамды аштым. Қазір шеберханада бірге алты адам жұмыс істейміз. Үйренемін деушілерге есігіміз әрқашан ашық. Қолдан келгенше білгенімізді үйретуге дайынбыз.
Әр шебердің өзінің қолтаңбасы болады. Мысалы, бір шебердің жасаған бетіндегі оюын не домбыраның басын екінші шебер қайталап сала алмас. Сондықтан бір көргеннен-ақ аспапты кім жасағаны білініп тұрады. Көбінесе шебер қолтаңбасы осы оюы мен домбыраның басынан танылады.
Тапсырыс берушілер қолына алған домбырасына риза болып, ойнап, сол жасаған дүниемен көптеген жерлерде өнер көрсетіп, жүлделерге ие болып жатса, соған біз, шеберлер, өте қуанамыз. Шет елдерге шығып, қазақстандық күйшілер мен әншілер арасында жүлде алса, тікелей бізге хабарласып, рахметтерін айтып жатады. Міне, бәрінен бұрын бізді осы шабыттандырады.