Грейсон Перридің «Болымсыз кішкене айырмашылықтар» атты тегін онлайн көрмесін аралаңыз
Грейсон Перридің «Болымсыз кішкене айырмашылықтар» атты жаңа виртуалды көрмесіне қош келдіңіз. Сіз British Council жинағындағы таңғажайып алты гобеленді көресіз. Грейсон Перри – Ұлыбританияның қазіргі заманғы ең атақты суретшілерінің бірі, Тёрнер Сыйлығының иегері. Ол өзінің қыштан жасаған туындыларымен, мүсіндерімен, суреттерімен, гравюраларымен және гобелендерімен әйгілі.
Біздің виртуалды саяхат әр гобеленді зер салып қарауға, сондай-ақ суретшінің түсіндірмелері бар қысқа бейнероликтерді көруге мүмкіндік береді. Бұл – қазір Анкарада (Түркия) осы көрме өтіп жатқан Cer Modern галереясына өзіңіз барып, туындылармен танысқандай әсер алудың тамаша мүмкіндігі.
ГОБЕЛЕНДЕРДІҢ ЖАСАЛУ ТАРИХЫ
Перри XVIII ғасырдағы ағылшын суретшісі Уильям Хогарттың «Сандалбайдың бастан кешкендері» деп аталатын циклынан шабыт алып, Тим Рейквелл атты кейіпкердің өмірі және оның қоғамдық сатымен көтерілуі туралы әңгімелейтін гобелендерді жасады. Гобелендерді жасағанға дейін Грейсон Перри Ұлыбританияның үлкен-кіші қалаларын аралап саяхат шеккен болатын. Оның мақсаты «талғам» дегеннің не екенін және Британияның түрлі жерлерінде және түрлі әлеуметтік топтарының арасындағы талғамның қаншалықты әр түрлі болатынын зерттеу еді.
Мазмұны мен бояуы жағынан бай келетін «Болымсыз кішкене айырмашылықтар» атты гобелендер топтамасы Ұлыбританиядағы өмірдің толып жатқан әдеттен тыс сәттерін және басқа да ерекшеліктерін көрсетеді – олар үй ішінің жасауынан бастап британдық тағамдарға, саяси наразылықтарға және атақты адамдарды талқылауға дейін сан алуан түрге енеді.