«Эльдани» кәдесый шеберханасы
Алматы
Қазақстанда дене мүшесінің кемістігі бар 563 мыңнан астам адам тұрады (оның 200 мыңнан астамы – әйелдер және 50 мыңы – балалар). Кемтар адамдардың алдынан шығатын қиындықтардың бірі – қоғам өміріне араласудың тым күрделі екендігі.
1996 жылы «Эльдани» қоры құрылған еді. Бүгінгі таңда оның негізінде кәдесый шеберханасы жұмыс істеуде. Қордың негізін қалаған – мүгедек баланың анасы болатын. Ол ұлы өсіп жетілген кезде оған дәрігер емінен бөлек басқа бір нәрсенің керек болатынын түсінген еді. Қор кемтар балаларға белсенді өмір салтын ұстанып, қоғамның толық құқылы мүшелеріне айналуына көмектесу мақсаныда құрылған болатын.
Алматыда жұмыс істеп келе жатқан 17 жыл ішінде «Эльдани» қызметі ерекше мұқтаждығы бар адамдарды әлеуметтік жағынан бейімдеп, жұмыспен қамтуға бағытталған аса ірі қорлардың біріне айналды. Жұмысқа орналастыруға байланысты көмегі екі тәсілмен жүзеге асырылады: қордың өзінде жұмыс орындарын құру және дене кемістігі бар адамдарды жұмысқа тұрғызу мақсатында кәсіптік дайындықтан өткізуді ұйымдастыру.
«Эльдани» қоры дене кемістігі бар адамдарды жұмысқа қабылдауды 2006 жылы бастаған еді. Сондай-ақ құрылғаннан бергі уақыт ішінде қор 27 адамға жұмыс орындарын табуға көмектесті және бүгінгі таңда колледж бен университеттерде оқитын 8 адамға қолдау көрсетеді. «Эльдани» еңбекпен қамту бойынша өз үлгісін әзірледі: бенефициарлар арнайы тренингілерге қатысады да, өздеріне дәл қандай жұмыстың сай келетінін анықтауға мүмкіндік беретін бірнеше психологиялық және дербес сынақтан өтеді.
Қазіргі сәтте қор жанындағы шеберханада мынадай бағыттар бойынша жұмыс жолға қойылған:
- Қыш студиясы
- Тігін шеберханасы
- Қолдан жасалған керек-жарақтарды шығару
- Отбасылық іс-шараларды өткізетін орын беру
- Мобильді шығармашылық тренингілер өткізу
- Психологиялық кеңес беру
- Әлеуметтік кәсіпорындарды құру бойынша кеңес беру
- Үкіметтік емес ұйымның бейкоммерциялық қызметінен коммерциялық қызметке ауысуы бойынша кеңес беру
«Эльдани» өзінің тауарлары мен қызметтерін корпоративтік клиенттерге де, сондай-ақ халыққа да ұсынады. Тауарлар мен қызметтер қордың өз дүкенінде, сауда алаңдарында, сондай-ақ жәрмеңкелер мен фестивальдарда сатылады. Қор бағдарламаларының барлығы жаңа машықтарды үйреніп, басқа адамдармен араласатын ортаны кеңейтуге болатын қауіпсіз шығармашылық ортаны қалыптастыруға бағытталған.