Кеше, 26 қарашада, Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша 22:00-де Назарбаев Университетінің докторанты Шохиста Исмаилжанова осы жылы ерекше форматта өткен FameLAB финалында Қазақстанның намысын қорғады.
FameLAB – жыл сайын Ұлыбританияда өтетін әлемдік жетекші ғылыми байқау. Коронавирусқа қатысты жағдайға байланысты биылғы жылы ұйымдастырушылар – Cheltenham Festivals және Британ Кеңесі – іс-шараны онлайн өткізіп отыр. FameLab қатысушылары 3 минут ішінде ғылыми тақырыптарын ағылшын тілінде таныстырулары тиіс.
Қазақстанның жарысқа қатысуының 5 жылдық тарихында біздің қатысушалар жартылай финалдан әрі аса алмады. Финалға Шохистадан басқа тағы 9 қатысушы шықты, оның ішінде Ұлыбритания, Аустралия, Швейцария және Корея өкілдері бар. Байқау жеңімпазы швейцариялық Саурадип Маджумдари болды. Екінші орынға ұлыбританиялық Ребекка Эллис пен катарлық Ахмад Маани тең түсті. Көрермендер көзайымы сыйлығы бразилиялық Габриэла Рамос Леалға бұйырды.
Жартылай финалда отандасымыз «Миға шабуыл: инсульт» тақырын ұсынды. Исмаилжанова Ирландия, Испания, Чехия, Болгария және Венгриядан келген қатысушыларды басып озды.
«Шохиста әжептәуір күрделі тақырыпты алыпты, – деді Cheltenham Festivals өкілі Марике Нэйвин, – осыған қарамастан, тұжырымдамасын жеңіл әрі түсінікті жеткізе білді». Плимут университетінен келген қазылар алқасының мүшесі Мартин Коут Ш.Исмаилжанованың сөзі «тұнықтық пен дұрыс ырғақтың үлгісі» болғанын атап өтті.
Шохиста Исмаилжанова Назарбаев Университетінің Медицина мектебінде нейроғылымды зерттейді. Ұлттық FameLab Kazakhstan байқауында Шохиста бірінші орынды иеленді, сондай-ақ көрермендер көзайымы сыйлығын ұтып алды.
Байқау финалының трансляциясын Famelab Youtube каналынан көре аласыз. Ал жартылай финалдағы Шохиста Исмаилжанованың баяндамасын мына сілтемеден көре аласыздар.
FameLab 2005 жылы Ұлыбританияда ашылған және ғылыми коммуникация саласында әлемдік жетекші байқау саналады. Биылғы жылы FameLab байқауында әлемнің 20 елінің өкілі қатысты. Қазақстанда FameLAB байқауын British Council (Британ Кеңесі) «Шеврон» компаниясының қолдауымен бесінші жыл қатарынан өткізіп отыр. Биыл байқаудың өтуіне OYLA ғылыми-көпшілік журналы да қолдау көрсетті.
Егер қандай да бір сұрақтарыңыз болса, сағ. 10:00-ден 19:00-ге дейін +7 (707) 225 79 71 телефоны немесе famelab@oyla.xyz электронды поштасы арқылы жобаның координаторы Дәурен Әділбековке хабарласа аласыздар.
«Шеврон» корпорациясы – әлемнің жетекші біріктірілген энергетикалық компанияларының бірі. Біздің жетістігіміз қызметкерлерімізге, олардың нәтижеге тиімді тәсілдерді қолдану арқылы жетсек деген ұстанымына, жұмысқа жауапкершілікпен қарауға және оны мінсіз атқаруға, инновациялық технологияларды қолданып, оңтайлы даму жолында жаңа мүмкіндіктерді ескеруге негізделген. Біз энергетикалық өнеркәсіптің барлық дерлік саласында жұмыс жасаймыз. Геологиялық барлауды, шикі мұнай мен табиғи газды өндіруді және тасымалдауды; көлік отыны мен майлау материалдардын өңдеуді, алуды және таратуды; мұнай-химиялық өнімдерді өндіруді және сатуды; электрлі және геотермалды энергияны өндіруді жүзеге асырып, энергияның жаңартылатын қайнарлары және энергияны тиімді тұтыну салалары бойынша техникалық шешімдер шығарумен айналысып, сондай-ақ болашақтың энергетикалық қорын, соның ішінде био-отынды игеруді қолға алып келеміз. «Шеврон» – Қазақстандағы жетекші мұнай өндіретін жекеменшік компания, сондай-ақ ол еліміздегі Теңіз және Қарашығанақ секілді екі ірі кен орны акцияларының қомақты пакетіне ие. Корпорация сонымен қатар Каспий Құбыржол Консорциумында ірі жекеменшік акционер саналады.
British Council (Британ Кеңесі) – Біріккен Корольдіктің мәдени байланыстар және білім беру саласындағы халықаралық ұйымы. Біз Біріккен Корольдік пен өзге елдер арасында ынтымақтастық құрып, өзара түсіністікті нығайта түсу мақсатында достық қарым-қатынас орнатуға ықпал етеміз. Сондай-ақ Біріккен Корольдік пен өзге елдердің дамуына өз үлесімізді қосып, байланыстар орнатып, сенімді қарым-қатынасты одан сайын жетілдіріп, мүмкіншіліктер ұсыну арқылы адамдардың өмірін жақсы жаққа өзгертуге тырысамыз. Біз әлемнің 100-ден астам елінде өнер және мәдениет, ағылшын тілі, білім беру және азаматтық қоғамды құру салалары бойынша жұмыс істейміз. Жыл сайын түрлі іс-шаралар арқылы 20 миллионнан астам адамды және онлайн-каналдар мен БАҚ арқылы 500 миллионнан астам адамды жұмылдырамыз.
OYLA журналы – Қазақстанда қазақ, орыс және ағылшын тілінде, Аустралия, Жаңа Зеландия, Үндістан, Оңтүстік Корея және Еуропа елдерінде басқа да тілдерде ай сайын шығатын, оқушылар мен олардың ата-аналарына арналған ғылыми-көпшілік журнал. Біздің контент STEM пәндеріне (ғылым, технология, инженерия және математика) негізделген және балаларды сыни ойлауға үйретуге бағытталған.