SELECTOR – МУЗЫКАДАҒЫ ЖАҢА БЕТАЛЫСТАР ТУРАЛЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ РАДИОБАҒДАРЛАМА
Хабарлардың қалай дайындалатыны туралы қысқа бейнежазбаны қараңыз.
SELECTOR БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ТАРИХЫ
Selector радиобағдарламасын 2001 жылы British Council ұйымы басқа елдердегі тыңдаушыларды ең үздік британдық музыкамен таныстыру мақсатында құрған болатын. 90 минуттық хабарлар апта сайын шығады да, музыканың барлық бағыттарын (инди, дабстеп, фолк, соул, электро және тағы басқа көптеген бағыттар) қамтиды. Хабарда дарынды британдық орындаушылардың сұхбаттары, микстері және жанды дауыспен орындалған қайталанбас жазбалары беріледі.
Диджей Голдирокс жүргізетін Selector бағдарламасы британдық музыкадағы барлық жаңа әрі қызғылықты жайттарға жасалатын шолу болып табылады. Бағдарламаға бұрыннан белгілі композицияларды қоспауға тырысады, оның орнына дарынды жас орындаушылар және андеграундтың жаңа үрдістері туралы айтқанды артық көреді. Бағдарлама британдық музыканың бүкіл байлығы мен сан алуандығын паш етеді, әлемнің түрлі елдеріндегі тыңдаушыларды Ұлыбританияның ең үздік композицияларымен, дарынды орындаушыларымен және қазіргі заманғы музыкалық мәдениетімен таныстырады. Selector бағдарламасының негізгі мақсаты – британдық музыканың бүкіл сан алуандығы мен жаңашылдығын көрсете отырып, Ұлыбритания туралы дәстүрлі көзқарасты өзгерту.
Selector бағдарламасының үш миллионнан астам тыңдаушысы бар, ол FM диапазоны арқылы әлемнің 30-дан астам еліндегі, соның ішінде Қазақстан, Мексика, Колумбия, Уганда, Венгрия, Малави, Украина, Малайзия мен Қытайдағы серiктес радиостанциялар арқылы таратылады.
МАРАПАТТАР МЕН НОМИНАЦИЯЛАР
Хабар таратып келе жатқан он үш жыл ішінде Selector радиобағдарламасы түрлі марапаттарға ие болды:
- Mixcloud awards: «Танымал музыкаға арналған ең үздік радиохабар» («2014 жылғы ең үздік радиошоу» номинациясындағы екінші орын);
- BT Digital Music Awards, Лондон: «Ең үздік музыкалық бағдарлама»;
- New York Festivals Awards: «Ең үздік мерзімдік музыкалық бағдарлама» (үшінші орын);
- International Radio Festival, Цюрих: «Жылдың халықаралық радиобағдарламасы»;
- Radio Academy Awards: «Ең үздік апталық музыкалық бағдарлама» (бірінші орын);
- «Жылдың радиобағдарламасы», Венгрия.
The Sunday Times: «Бұл Джон Пилдан жүз есе асып түседі… ең жақсы британдық радиобағдарлама».
The Guardian: «Музыканы іріктеу тұрғысынан бұл – барлық британдық музыкалық радиобағдарламалардың ішіндегі ең батыл бағдарлама».
БРИТАНДЫҚ ОРЫНДАУШЫЛАРДЫҢ ТАНЫМАЛ КОМПОЗИЦИЯЛАРЫ
Бағдарламада британдық орындаушылардың бір аптадағы ең танымал музыкалық шығармалары атап өтіледі. 2014 жылғы Spotify құрама ойнату тізіміне кірген ең үздік композициялардың бәрін тыңдауға болады. Жазбалар Spotify тізіміне кірген бетте біз оларды осы ойнату тізіміне қосамыз, сондықтан сіздер жылдың ең танымал шығармаларынан ешқашан құр қалмайсыздар!