ҰСТАЗДАР
Менің атым Икрам Рафиков, 1971 жылы Шымкент қаласында туғанмын.
Әкем суретші болған, 30 жылдай драма театрында бутафор және декоратор болып, тағы 30 жыл Көркемсурет қорында жұмыс істеген. Үйімізде суретшілер жиі қонақ болатын, мен шығармашылық ахуалда өстім.
Әкем маған қатты әсер етті. Мектепте оқып жүрген кездерімде әкем менен өскенде кім болғым келетін сұрайтын. Әрқалай жауап беретінмін: біресе фотограф, біресе дәрігер, біресе тағы басқасы. Мектеп бітіргеннен соң әкем өзінің Көркемсурет қорындағы зергерлікпен айналысатын досымен мен де осы қолөнерді игеріп алуым үшін таныстыруды ұсынды. Осылайша, Наурызбаев Абдулла менің ұстазым болды. Зергерлікпен бос уақытында айналысқанды жақсы көретін, дегенмен ол кең мағынада суретші еді: қорда олар мозаика жасайтын, ағаш оймыштау, нақыш қондырумен — жалпы қаланы безендіруге қажетті барлық заттармен айналысатын.
Абдулла ағай мені түрлі зергерлік техникаларымен таныстырған, кітаптар көрсететін. Мен үшін бұл өте қызықты болатын, қорда көп уақыт өткізетінмін, көркемсурет кабинетінде отырып, дәнекерлеумен және басқа да ұсақ зергерлік шаруалармен айналысатынмын. Бірте-бірте қызығып, бұл менің болашақ мамандық таңдауыма түрткі болды.
Он жыл шамасында мен Шанин атындағы драма театрында істедім. «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» және тағы басқаларын қойдық. Қызметім бутафор болатын, алайда зергер екенімді білген театрдың бас суретшісі маған әрдайым жақсы жұмыс беретін. Мен тәрелке, қасық, орындық сияқты реквизит жасамайтынмын. Оның орнына маған әшекей мен қару жасауды тапсыратын: қылыш, семсер, дулыға.
ТЕХНИКА
Басында мыспен жиі жұмыс істейтінбіз, сол кездегі әйгілі мыс пен жез білезіктерін жасайтынбыз. Тіпті алюминийден де бір нәрселер жасап көргенбіз. Мельхиормен көп жұмыс жасайтынбыз, бұл – күміске ұқсайтын ашық түсті қорытпа. Кейінірек тас пен ағашты қолдана бастадық. Қазір мен көбінесе күмістпен жұмыс істеймін.
Негізінде, егер сен бір нәрсе ойлап тауып және бір нәрсе жасай алсаң, материал маңызды емес. Әрине, әр материалдың өзіндік ерекшелігі бар, бірақ мұның бәрін меңгеріп алуға болады. Суретші-зергер мамандығында ең бастысы – бір идеяны ұстап алып, оны тоқтатып, болашақ бұйымды нобай ретінде қағаз бетіне болсын түсіріп, оны шамамен қалай жасалынатынын елестету, тек содан соң материал таңдау. Ары қарай бәрін техника шешеді.
Әр шебердің сүйікті техникасы, стилі болады. Кейбірі, мысалға, эмальмен жұмыс істейді, көркем туынды шығарады. Ол өте әдемі, құдды бір күміспен жасалған көркемсурет сияқты, әрі қазір үлкен сұранысқа ие.
Әдетте қазақ ұлттық зерлерлік бұйымдары монументалды және монохромды, графика не гризайль сияқты қаралау фон мен күміс түсті болып келеді.
Мен кейбір тастар сәттілік алып келеді, денсаулыққа әсер етеді дегенді естіп, оқып жатамын. Немесе зодиак белгісіне байланысты қай тасты таңдау керек деген сияқтыларды. Мұндайға мен сенбеймін, бұл жай ғана жарнамалық айла деп санаймын. Меніңше, қай тас саған ұнаса, сол тас сенікі, жұлдызнамен байланы жоқ. Алайда мен әр тас шебердің оған сіңірген энергиясы мен күйін таратады деп сенемін. Яғни сен бұйымға бар жан-тәніңді саласын, ал егер кімде-кімге дәл осы сақина не алқаны ұнатса, бұл, мүмкін, сол адам сенімен бір толқында болғандықтан шығар.
Маған жас шеберлер келгенде оларға әрдайым көмектесіп, ой салуға дайынмын. Егер шын мәнінде ықыласың болса, зергер мамандығын меңгеріп алуға болады. Ал егер адам тек бірнеше ай ішінде үйреніп, үлкен ақша жасаймын деп ойласа, бұл мамандық оған келмейді. Бұл жүйелі іс. Мен үйрете аламын, бірақ оған бір, екі немесе үш жыл да кетуі мүмкін.
ШАБЫТ
Алғашында шабыттың бірінші бастауы, әрине, кітап болған: «Қазақ зергерлік өнері», «Орталық Азия мен Қазақстан халықтарының бұйымдары» – сонау кеңес кезеңіндегі үлкен иллюстрациялы басылымдар. Қарай отыра жігерленесің: неткен шеберлер болған десеңші! Менде тағы «Қазақстанның көне алтыны» деген Алтын Адам туралы кітап бар. Оның тек костюмін ғана емес, сонымен қатар басқа да түрлі алтын заттарын тапқан ғой: онда белдіктер де, диадемалар да, бұйымдар да болған – осылар маған әсіресе ұнайтын.
Біздің облыстық өңіртану мұражайы да маған көп нәрсе берді: 18-19 ғасырдағы көне бұйымдарды, одан да бергі артефактілерді қарау қызықты болды.
Кейінірек, зергерлік ісіне шындап кіріскенде, Қолөнершілер одағы және оның басшысы Айжан Бекқұлованың арқасында мен басқа қалалар мен елдерге бара бастадым. Олардың қолөнершілердің арасында басты республикалық «Шебер» атты байқаулары бар. Жыл сайын жеңімпаздар жаңа қалаға аттанады. Мен 2013 жылы жеңімпаз болдым. Сол жылы бүкіл топпен Непалға бардық. Непалда зергерлік өнер де, ағаш оймыштау да, басқа да қолөнер түрлері өте дамыған. Біз шеберлермен кездестік, олардың үйлерінде болдық, Шығыс Азия елдерінің қолөнеріне арналған көрмеге бардық. Көп әңгімелестік, шеберлер бізге, ал біз оларға өз жұмыстарымызды көрсеттік.
Мен Ыстанбұлдағы қолөнершілер фестиваліне де қатысқанмын. Ол өте ауқымды болды: әлемнің 70 елі!
Алдынғы жылы біз Айжан Бекқұловамен 8 зергер және 2 киім шебері болып Вашингтонға барып қайттық. Смитсон мұражайы шақыруымен біз қазақ зергерлік өнерінің бұйымдары мен киізден жасалған киімдерді көрмеге қойдық. Бұл сапарға бір жылдай дайындалдық, меніңше, өнерімізді абыроймен көрсете алдық.
Осындай сапарлар, байқаулар мен фестивальдерге қатысу әр шебер үшін өте маңызды, өйткені олар ой-өрісті кеңейтуге көмектеседі. Адам шеберханадан тыс әлемге шыққанда, басқа шеберлерді, солардың қалай жұмыс істейтіндерін, стильдерін көргенде оларда жаңа идеялар пайда болады. Бұл сондай үлкен шабыт пен күш қуатын береді.
Сонымен қоса көрмелер мен фестивальдер сенің бұйымдарыңды киюі мүмкін адамдармен сөйлесуге мүмкіндік береді... Біз, зергерлер, қабырға іліп қоятын зат жасамаймыз, адам тағатын зат жасаймыз. Сол себепті адамдармен сөйлескенде олардың не ұнататынын және басқасын өзің үшін белгілейсің.
Бұрын мен бұйымдарды мұражайдан көргендеріме қарап жасайтынмын. Кейінірек, кәсіпқойлығым өскенде, мұражай жәдігерлерін дәлме-дәл қайталай алатын болдым, қазақ, түркмен бұйымдарымен байланысты заттар жасадым. Қазір мен өзіндік, авторлық, заманауи нәрселерді де жасай аламын. Басқа қолөнер түрлерінде де солай: классика жасаса болады; заманауи, бірақ ұлттық нақыштағы бұйымдарды; өзіндік, авторлық, шебер ойын өз қалауынша білдіретін жұмыстарды жасаса болады.
ДӘСТҮРЛЕР
Бірде Алматыға Германиядан Мартина Демпф деген зергер келген. Ол бізге «Зергерлік өнеріндегі заманауи тенденциялар» атты лекция оқыды. Лекция барысында ол Батыста қазір жеңілдетуге, минимализмге тенденция бар екенін айтты. Зергерлік бұйымдардың пішінімен бірге материалдары да өзгеруде: кейбірде шеберлер заттарды қағаздан да жасап жатады.
Ол Азия мен Африка зергерлік өнері жайлы да айтты. Өкінішке орай, кейбір халықтар өздерінің зергерлік дәстүрлерін жоғалтуда. Бұндай мәселе бізде де бар: қазір күнделікті өмірде ұлттық бұйымдарды ешкім кимейді. Егер сен ұлттық сырға тақсаң, міндетті түрде ұлттық киім кию керексің деп саналады, яғни не Наурызға, не үйлену тойына таға аласың, болды. Меніңше, бұл тым консервативті. Сондықтан клиенттеріме айтатыным: неге ұлттық бұйымдарды күнделікті киіммен немесе костюмдермен үйлестірмеске? Кім сізге не дейді?
Қазақстанның түрлі аймақтарында бұйымдардың өзіндік стилі бар: Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік, Батыс, Шығыс және Орталық – бәрі де дизайн мен эстетика жағынан ерекшеленеді. Мысалы, Солтүстік Қазақстан бұйымдары Ресей мен Татарстанға жақынырақ, оюлары, ендірмелері, техникасы ұқсас келеді. Шығыста Алтай мен Қытай әсері байқалады. Оңтүстік Өзбекстанға жақын: мында түс гаммасы тіптен басқаша. Батыс Қазақстан да бар. Бірнеше жыл бойы мен дәл осы бағытта жұмыс істеп келемін.
Батыс Қазақстан зергерлік өнері үшін күміс сіркелі бұйымдар дәстүрлі саналады. Сіркелеу әдісіне шағын түйіршіктер қолданылады. Сіркелі бұйымдар табиғи болады, яғни таза түйіршіктерден ою қалыптастырылады. Жалған сіркелеу де болады – қалып немесе балға көмегімен жартылай түйіршіктер қапталынған кішкене үшбұрыштар шығарылады.
Қазір көптеген шеберлер жалған сіркелеу әдісімен қолданады: біріншіден, бұл оңайырақ, екіншіден, сұранысқа ие, өйткені техника бұйымның бағасы мен жасалу уақытына әсер етеді.
Мен тек табиғи сіркелеумен жұмыс жасаймын. Біреу осы дәстүр жойылып кетпес үшін табиғи сіркелеумен айналысса екен деймін.
Шын мәнінде көтеген құпиялар жоғалған. Кейде біздің шеберлер 100, 200 жыл бұрын өте ұсақ түйіршіктерден жасаған бұйымдарына қарап, тамсанасың: оларды қалай дәнекерлеген?
Қазіргі ғаламтор заманында, түрлі білдектердің бар болғанына қарамастан, біз сол көне жұмыстарды қайталап жасай алмай жүрміз. Біз тіпті оларды қалай жасағандарын білмейміз: бұл сыр мәңгілікке жойылды.
Менің қазіргі жасап жүрген жұмыстарым көне техникалар мен дәстүрлердің жандануына үлесін қосады деген үміттемін.