group of people looking at the hat
©

ADAMDAR/CA

British Council 2019 жылы алғаш рет Crafting Futures бағдарламасын Орта Азияда жүзеге асырды. Өңірмен танысу британдық сарапшылар Питер Оукли (Royal College of Art) мен Мартин Куинннің (Leicester University) Қазақстанға сапарынан басталды. Таныстыру сапары барысында Доктор Оукли мен Доктор Куинді Қазақстандағы қолөнер жайлы жаңа ақпарат пен Алматы, Шымкент, Түркістан қалаларының шеберлерімен кездесулер күтті. Сапар бағдарламасын Қазақстан мен Орта Азия бейматериалдық мұрасы мен қолөнер саласындағы ең негізгі сарапшыларының бірі, Қазақстан қолөнершілер одағының төрайымы, World Craft Council ұйымының азиаттық-тынықмұхиттық бөлімшесінің вице-президенті және соңғы 25 жылын қолөнердің Қазақстанда дамуына арнаған адам – Айжан Бекқұлова құрады.

Айжанның арқасында Ұлыбританиялық қонақтарға әр қолөнершінің қасиетті мекені – олардың шеберханалары мен студияларына кіруге мүмкіндік туды. Бірнеше күн ішінде қазақстандық және британиялық сарапшылар 4 қала мен 14 шеберханада болып, шеберлер қолдарымен қазақ ұлттық музыкалық аспаптар мен керамикадан бастап, құрақ көрпе мен зергерлік өнерге дейінгі бірегей туындыларды қалай жасайтынын өз көздерімен көрді. Үздік зергерлер, ағаш ою, қыш, киіз басу өнері шеберлері – барлығы Айжанмен бірге көптеген жылдар бойы ұлттық қолөнерді сақтау мен жаңғырту мақсатымен орасан зор жұмыс атқаруда. 

Жастығында Айжан Бекқұлова кіші ғылыми қызметкер болып істеген. Кейінірек өмірін түбегейлі өзгертіп, «Қазақфильм» киностудиясында фильм директоры ретінде жұмыс жасай бастайды: портфолиосы көрнекті қазақстандық, ресейлік және кеңестік кинорежиссерлармен ортақ жобалармен толығады. 1990 жылдан бері Айжан Бекқұлова өзінің бар шексіз энергиясын Қазақстан мен Орта Азия бейматериалдық мұрасын сақтау және қолөнердің қайта өркендеуіне бағыштайды.

Қазақстан қолөнерінің дамуы мен бейматериалдық мұрасын сақтауға теңдесі жоқ үлесін қосқаны үшін 2019 жылдың желтоқсан айында Айжан Бекқұлова «Құрмет» орденімен және National Tourism Award-та марапатталды. 

Айжан Бекқұлова оқиғасы – оның өз сөзімен.

ҚАЙНАР КӨЗ

Туысқандарымнан білуімше, нағашы атам Алматының ең үздік тігіншісі болыпты. Оның үлкен тігін шеберханасы болды. Өкінішке орай, мен туғанда атам өмірден озған. Анам ата барлығын тігетін дейтін: әйелдер іш киімінен бастап, ішіктерге дейін. Менің отбасымда балалық шағымнан тоқу, кесте тігумен айналысу қалыпты іс еді. Анам отбасымызға көрпе тігетін, ал біз жүнді жуу мен түтуге көмектесетінбіз. Анама киім тігуге аса үлкен ынтамен жәрдемдесетінмін. Қаншалықты қарапайым тұрғанымызға қарамастан, бізде әр мейрамға жаңа әрі ерекше, әдемі матаға кестелеп тігілген киімдер болатын-ды. Сондықтан жастайымнан анам менің бойыма қолөнерге деген ықылас пен махаббатты сіңірді. Бұл біздің отбасылық оқиғамыз...

ӨНЕР МЕН ҚОЛӨНЕР

Мен әрдайым өз қолыммен бір нәрселер жасағым келетін, бірақ профессионалды деңгейде. Жиі тігіп, тоқығаннан, осы іспен айналысу қолымнан жақсы келетін. Оқуға түспес бұрын гобелен жайлы бірнеше кітап оқығам. Бұл өнер жайлы теория жағынан да, практика жағынан біраз хабардар едім, сол себепті түсу уақытына орай гобелен тігу білетінмін. Театр және көркемсурет институтының сәндік-қолданбалы бөліміне оқуға өнердің кей қыр-сырларын меңгеру үшін ғана түстім. Алайда келгенімде бұл менікі екенін түсіндім. Меніңше, мен бояуларды араластырып, көркем сурет жасай алмаймын, бірақ байқап көргем. Тоқу барысында мен түрлі жіптерді араластыра отыра, дайын өнімнің қандай болатынын көріп, сезетінмін. Сурет өнерінде мен мұны сезбеймін.

Гобелендермен айналыса бастағанда біртіндеп киізге де келдім. Бұрын киіз кеңінен тараған, тіпті әр үйде болатын. Дегенмен, қалада текеметпен қолданбайтын, оларды фабрикалық кілемдер алмастырды. 

Уақыт өте келе менде бейматериалдық мұраға деген ынта пайда болды. Мен қызығып, жинап, оқи бастадым. Мен 90-шы жылдары қуыршақтар топтамасын шығардым, өзімнің алғашқы киізімді жасадым. Ол кездерде қазіргідей таза жүн өндіретін мүмкіндік болмаған, сол үшін мен оны өзім жуатынмын. Сол сәтте киізді ешкім мойындамайтын. Мен білетін суретшілер мен мүсіншілер қолөнерді болмашы нәрсе санайтын. 

Көбісі қолөнершілерді жақтырмайды, алайда қолөнерсіз ешбір мамандықта жетістікке жете алмайсың. Қолөнерді меңгермей, биікке ұшпассың. 

ОДАҚ

90-шы жылдар басында бізде «Әйелдердің шығармашылық бастамасы лигасы» атты ұйым болған. Біз кез келген мамандық шығармашылық бола алады деген ойда болатынбыз. Әртүрлі мамандық иелерін біріктірдік. Ол Кеңес Одағының ыдырау кезеңі еді: қайта құру кезеңі, аштық, жоқтық. Қол қусыра отырмай, бір нәрсе жасау керек еді.

1995 жылы Қастеев мұражайында көрме өткіздік, ол біз үшін елеулі болды. Атауы — «Әйелдер: Шығыс-Батыс». Бұл біздің белсенді қызметіміздің бастамасы болған алғашқы ірі іс-шарамыз еді. Кейінірек ерлер «Бізді неге өз жобаларыңызға қоспайсыздар?» — дей бастады. Солай «Мост» атты ұйым құрдық. Мост (Көпір) – Еуропа мен Азия, өткен шақ пен болашақ, түрлі ұрпақтар мен түрлі мәдениеттер арасындағы байланыс. 

1999 жылы әпкемнің кеңесімен ата-анамның пәтерінде салон аштым. Women’s hands бейресми ұйымын құрып, әйел-шеберлерге көмектестім, бұйымдарының дизайнына байланысты кеңестер бердім. Бәрі формалды емес, тек әйелдерге қандай болсын бір өнім шығаруға әсер ету үшін. 

Кешірек мен Our Heritage қоғамдық ұйымын құрдым. Ұйымның бастапқы мақсаттары қазіргі одақ мақсатымен сәйкес келді – қолөнердің бүкіл Қазақстан бойынша дамуы. Аймақтарға көбірек сапарға шыға бастадым. 

Сөйте келе, мен 1995 жылдан бастап қолөнершілерді әртүрлі кезеңдер мен деңгейлерде қолдаумен, ал 2000 жылдан бастап тренинг жүргізумен айналысып келемін.

2007 жылы біз серіктестеріміз — Chevron компаниясы, «Еуразия» мен ЮНЕСКО қорларымен қосылып, алғашқы қолөнерге байланысты үлкен конференцияны өткіздік. Еліміздің барлық өңірлерінен 100 адам қатысты. Ұзақ пікірталастардың нәтижесінде қолөнершілерге өз шығармашылық одақтары, профессионалды ұйым керек екені мәлім болды. Сол уақытта менің жеке ұйымым болған. Мүмкін, басқа біреуде жаңа нәрсе – одақ немесе ассоциация құрау ықыласы пайда болатын шығар деп ойлағам, алайда іс тәуекеді, ал оның келешегі күмәнді, қолдауы болар-болмасы белгісіз болғандықтан ешкім үндемеді. 

Our Heritage ұйымы болып кезекті рет Шымкентте жиналғанда маған «Кешір, бірақ сенен басқа бұл іспен айналысатын адам жоқ,» — деді. Ешкім жауапкершілікті өз мойнына алғысы келмеді. Сондықтан 2012 жылы мен Қазақстан қолөнершілер одағын тіркедім. Қазір одақтың Республиканың облыс орталықтарында 8 өкілдігі бар. 

Осы жылдар бойы біз Қазақстан бойынша көрмелер жүргізіп, Ресей, Германия, Қытай, Индия, АҚШ және әлемнің басқа да ердерінде болдық. Біздің шеберлер көптеген фестивальдер мен жәрмеңкелерге қатысады.

Қолөнершілер одағына кіргенде шеберлердің табатын басты пайдасы — топтың бір бөлшегі болуы. Әрқайсысы өз үлесін қосады. Тек бірге біз бір нәрсе жасай аламыз. Осылай, біреуі Америкаға, біреуі Түркияға фестивальге барып қайтты, кейбіреулерінің жұмыстарын каталогқа еңгіздік, басқалармен мен хат жасадым, біреулер бейне-фильм алды, ал кейбірі тренингтерге қатысты.

Қазір одақтың немен айналысу керектігі айқын. Ал құрылған сәтінде түсініксіз болатын, бәсекелестер де болмаған. Біз сол жағдайды, қоғамның күйін, мемлекеттің бізге деген қатынасын өзгерттік, бұрын бәрі өзгеше болатын.

ЭНЕРГИЯ

Көптеген шенеуніктер «Сұраныс жоқ болса, сендердің шығармашылықтарың не үшін қажет?» — деп санаған. Оған қарағанда дайын пәлте алған арзан әрі оңайырақ емес пе? Оның үстіне, қазіргі уақытта ол күрделі мәселе де емес. Қазір бүкіл әлемде киімнің тым молдығы, тым көп өндірілуі болуда, ары қарай тек нашар болады. Бірақ қолдан сапалы жасалған бұйымды және дәл сондай өнеркәсіптік өндіріс затын қолыңа алған кезде мүлде басқа күй кешесің. Ол мүлде бөлек энергетика. 

Тіпті тамақтану үшін біз грузиндік немесе итальяндық мейрамханаларды таңдаймыз. Біз этникалық эстетика бар жаққа ұмтыламыз. Өйткені ол арқылы біз әлем жайлы көбірек білеміз, ол өзімен бір эмоционалдық қуат алып келеді. Біз веналық кофены таңдаймыз, себебі біз оның өзгеше екенін, оның мағыналық та, дәмдік те маңызы барын түсінеміз. Заттармен дәл солай: біз фабрикалық заттарға тойған кезде дара болуды қалаймыз, ерекшеленгіміз келеді. Бұйымлардың басым бөлігі — 60-70% қол еңбегі. Ол — энергетика: қолдан бұйымдар жасайтын адам жаман көңіл-күйде немесе ашулы күйде бола алмайды. Киізбен жұмыс жасай бастаған кезде, шаршап тұрсам да, бес минуттан соң тыныштанамын, әйтпесе жалғастыра алмаймын. Шебер эмоционалды еркін, бақытты адам болуы керек — сол бақыт бұйымдарына да беріледі.

Біздің бірдей костюм кигеніміз ойлау қабілетіміздің бірдей екенін көрсетеді. Жеке мен үшін заттың танымалдылығы ешқандай позитивті эмоция алып келмейді. Мен асты мен үсті жұп костюмдерді сатып алмаймын, олар мені жалықтырады. Тіпті үлкен фирма болса да, өйткені ол мен ойлап тапқан үйлесім емес. Мен бәрібір өзімнің бір элементімді еңгізуім керек. Бұл тек қана киімге қатысты емес. Егер менің үйімде барлығы стандартты болса, ол мені ешқандай эмоционалдық энергетикаға бөлемейді.

Қазіргі таңда көбісі үйлерінде киіз іліп қойғысы келетіндігі мені қуантады, қажеттілік пайда болды, өйткені сен оған қарағанда, оны сезесің. Егер сен таңертең оянып, киіз кілемге жалаң аяқ тұрсаң, бойыңа бөлек бір қуат тарайды. Осының бәрі – энергетика. 

  ҰЛТТЫҚ КОД

Әлемге біз немен қызықтымыз? Мұнай – өтпенші нәрсе. Біз өзіміздің ерекшелігімізбен, түпнұсқалылығымызбен қызық бола аламыз. 

Мәселен, біз тек Димаш Құдайбергеннің әнді қалай айтқанына тәнті болмадық, біз оның Нью-Йоркте қазақ әндерін айтып, әлемді біздің музыкамен таныстырғанына риза болдық. Әдетте үлкен концерттерде бізде мынадай жағдай орын алады: әрдайым бәріне біз маймыл емес екенімізді, тіпті Огинскийдің Полонезін де білетінімізді дәлелдейміз. Ал шын мәнінде әлемге біз басқа қырынан қызықтымыз. Мысалы, жыршылармыздың өнерімен. Бұл тым басқа нәрсе, бұл біздің ұлттық кодымыз. Ал сол жыршы не Димаш Құдайберген домбырада ойнауы үшін сапалы әрі дыбысы жақсы домбыра керек. 

Немесе кілемді алып қарайық: оларды бүкіл әлемде өндіреді. Иранның Тербиз қаласының өзінде 800 мыңнан астам адам кілем тоқымашылығымен айналысады, сондай бірнеше орталықтар бар. Түркмендерде түрлі мектептер бар, және олар керемет кілемдер тоқиды. Қырғыздар да өздерінің кілем тоқу өнерлерін жаңғыртты. Бұқаралықтар, самарқандтықтар, үндістер, қытайлар, әзірбайжандар – былай қарасаң, осындай кілемдер молшылығында біздің кілемдердің не керегі бар? Біздің кілемдер ең қарапайым: тығыздығы жағынан да, түстердің алуантүрлілігі жағынан. Көбінесе кілемдердің жартысы бір түспен, екінші жартысы екінші түспен боялады. Олар бүкіл профессионалды мектептерден бөлектенеді. Олар тегіс емес боялған, қалыңырақ. Дәстүр бойынша, кілемдердің «жылдам» болуының басты себебі — иелер көшіп кетпес бұрын кілемді жасап үлгеру үшін тез жасалуы. Сонымен қатар, олар сатылымға шығарылмаған – олар әрдайым нақты отбасыға арнайы жасалған. Кілемдердің құндылығы да сол: кілем сенің әжеңмен, анаңмен не өзіңмен дайындалған, сондықтан отбасылық код болып табылады.

Қазақ кілемдерінде белгілі қағидалар мен ережелер бар: орталық өріс болу керек, жиек болу керек. Ал «ала жіп», яғни кілемнің шетіндегі таңбалы екпін пен контрастты түстер тұмар ретінде кілемді шет жағынан қоршап, қамтып, ішкі жағын қорғап тұрады.

Бірақ, мыслға, Өзбекстанда сен базарға барып, дайын өрнек салынған кілемді немесе өрнек үлгісін сатып ала аласаң, мында шебер суретін өзі отырып даярлайды – менің ойымша, міне осы нағыз өнерге жақынырақ. Бұл еркін ойлайтын, ерекше адамдардың қажеттілігі, өзін-өзі көрсетуге, танытуға деген қажеттілік. 

Егер біз ұлттық шығармашылыққа сүйенбесек, әр кез бір жерді айнала беріп, жаңа зат ойлап таптық деп санайтын боламыз. Халық көп нәрсені ашып қойды, бізге тек соны сақтап, биігірек теңгейге көтерілу керек. 

 

 

woman looking on carpet
©

ADAMDAR/CA

Сыртқы сілтемелер