Special arrangements
Special arrangements image

British Council ұйымының міндеті – барлық үміткерлерді әділетті әрі шындыққа сай бағалау және емтихан тапсыру үшін оңтайлы жағдай жасау. Біз мүмкіндіктері шектеулі үміткерлер үшін айрықша жағдайлар жасай аламыз. Айрықша жағдайларды қамтамасыз ету олардың емтихан тапсыруға басқа үміткерлермен қатар қатысуына мүмкіндік береді және сұрақ пен жауапты түсінуін жеңілдетеді. 

Егер сізге емтихан тапсыру үшін айрықша жағдайлар жасау қажет болса, әр емтихан бойынша төменде келтірілген нұсқауларды орындауыңызды өтінеміз. Айрықша жағдайлар жасау емтихан комиссиясына байланысты болады; кейбір жағдайларда, сіздің қиын жағдайыңызды немесе шектеулі мүмкіндіктеріңізді ескере отырып, сізді кейбір емтихандық тапсырмаларды орындаудан босатуға болады. Емтихан тапсыруға тіркеу аяқталғаннан кейін айрықша жағдайлар жасау туралы өтініштер қабылданбайтынын ескеруіңізді сұраймыз.

ТӨМЕНДЕГІ ЕМТИХАНДАР ҮШІН АЙРЫҚША ЖАҒДАЙЛАР ЖАСАЛУЫ МҮМКІН

IELTS

Егер сізге сынақтың түрлендірілген нұсқасы қажет болса, емтихан өткізілетін күннен кемінде үш ай бұрын бізге хабарласыңыз. Мұндай кезең сынақтың түрлендірілген нұсқасын дайындау үшін қажет. Егер сіздің шектеулі мүмкіндіктеріңізді ескере отырып сіз айрықша әкімшілік дайындық, мысалы, емтихан кезінде қосымша уақыт қажет болса, сіз емтихан өткізілетін күннен кемінде алты апта бұрын бізге хабарлауға тиіссіз. Тіркеу кезінде сізден көп дегенде 2 жыл бұрын берілген медициналық анықтама талап етіледі.

Кәсіби және академиялық емтихандар 

Көптеген жағдайларда айрықша жағдайлар жасау туралы өтінішпен сіз тікелей емтихан комиссиясына немесе университетке жүгінуіңіз керек. Емтихан комиссиясы мәселені шешу үшін British Council-ге хабарласады да, егер сіздің өтінішіңіз қанағаттандырылса, сізге хабарлайды. 

Егер сіз емтиханға British Council-да тіркелген болсаңыз, айрықша жағдайлар жасау туралы өтінішпен бізге хабарласуыңызға болады. Тіркеу кезінде сізден көп дегенде 2 жыл бұрын берілген медициналық анықтама талап етіледі.

Қандай құжаттарды ұсыну қажет?

Өтінішке медициналық анықтама қоса тіркелген болуға тиіс. Оған төмендегідей талаптар қойылады:

  • анықтама ағылшын, қазақ немесе орыс тілінде анық жазылған болуға тиіс;
  • анықтама дәрігердің аты мен мамандығы көрсетілген арнайы бланкіде жазылып берілген және дәрігердің қолтаңбасымен куәландырылған болуға тиіс; тек түпнұсқасы қабылданады;
  • үміткердің қандай мүмкіндіктерінің шектеулі екені анық көрсетілген болуы қажет; 
  • шектеулі мүмкіндіктерін ескере отырып қандай ерекше жағдайларды жасау керек екені түсінікті тілмен жазылуы керек. 

Медициналық анықтама емтихан тапсырылатын күннен көп дегенде екі жыл бұрын берілген медициналық қорытынды түрінде ресімделген болуға тиіс. 

Емтихан тапсырған кезде қандай көмек күтуіме болады?

Егер сіздің есту немесе көру қабілетіңіз бұзылған болса, сіз түрлендірілген емтихан материалдарының берілуінен үміттене аласыз, соның ішінде:

  • Брайль қарпімен жасалған тапсырмалары бар парақтар (қысқартылмаған жүйе (Grade 1) немесе қысқартылған жүйе (Grade 2));
  • ірі қаріппен орындалған емтихан материалдары: A4  пішімді (жуан қаріп, мөлшері 18 pt) немесе A3 пішімді  (қаріп 15,5 pt) парақтар; 
  • тыңдауға арналған емтихан материалдары: дыбысты күшейтетін арнайы аппаратура немесе еріннің қимылына қарап оқуға мүмкіндік беретін сынақ нұсқасы; 
  • «ауызекі тіл» модуліне арналған емтихандық материалдар: Брайль қарпі немесе ірі қаріп пайдаланылатын тапсырмалар немесе тапсырманың көрнекі кескіні.

Егер сізде  дислексия немесе қандай да бір физикалық шектеулер болса, сіз емтихан кезінде ерекше жағдайлар, соның ішінде мынадай жағдайларды жасау туралы өтініш бере аласыз: 

  • қосымша уақыт: сізге қажет болғанына қарай 25%-100% қосымша уақыт;
  • емтихан кезінде супервайзердің қатысуымен үзілістер жасау;
  • компьютерді пайдалану;
  • хатшының (сіздің жауаптарыңызды жазып отыратын адамның) көмегі;
  • дауыстап оқитын адамның көмегі;
  • көшіріп жазатын (айтқаныңыздың барлығын жазып отыратын) адамның көмегі;
  • емтиханды басқа адамдардан бөлек тапсыру.