Best for Kids ҚҚ жанындағы Green TAL әлеуметтік кәсіпорны

Негізін қалаушы әрі басшысы – Эмин Аскеров 

Астана қаласы

Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының (кемтар адамдар, жалғыз басты аналар, балалар үйлерінің түлектері) арасындағы жұмыссыздықтың жоғары деңгейі бүгінгі таңда өзекті мәселе болып отыр. Әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын адамдарды жұмысқа орналастыру үшін олардың қажетті білімінің болмауы және жұмыс берушілердің «қиын» жұмыскерлерді жұмысқа жалдағысы келмеуі негізінен тосқауыл болады. 

Дәл осы мәселені шешу үшін 2015 жылы Green TAL кәсіпорны – жиһаз, кәдесый және тігін өнімдерін жасап шығаратын және IT қызметтерін көрсететін әлеуметтік шеберхана құрылған еді. Green TAL кемтар адамдарды оқытады және оларға жұмыс орындарын береді. 

Green TAL әлеуметтік шеберханасының негізін қалаушы Эмин Аскеров – екінші буындағы әлеуметтік қызметкер, ол бала кезінен біздің қоғамның негізгі өзекті проблемаларын жақсы біледі, сондықтан әлеуметтік жобаны құру идеясы оның ойына баяғыдан-ақ ұялаған еді. Адамдарға көмектесетін әрі табыс әкелетін жоба туралы Эмин 2014 жылдан бастап салиқалы түрде ойлана бастады. 

Нарықты зерделегеннен кейін Эмин талдың шыбығынан бұйымдар жасайтын шеберхана құру туралы шешім қабылдады. Әуелі қызметкерлерді – кемтар адамдарды және балалар үйлерінің түлектерін – шыбық өру өнеріне үйрету қажет еді. Бұл сатыда кәсіпорын тап болған ең үлкен қиындық қызметкерлерді үйрету үшін тал өретін шеберді іздеп табуға байланысты болды, ал мұндай қолөнершілер Қазақстанның алыс түкпірлерінде тұрады екен. 

Алғашқы шебер Евгенийді Көкшетау қаласының маңындағы бір ауылдан табудың сәті түсті. Евгений 15 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан, өздігінен үйренген шебер болып шықты және де ол өз шеберханасын құруды баяғыдан армандайды екен. Ауылда жүрген шебердің арманын іске асыруына халықтың сұранысы мен төлем жасау қабілетінің төмен болуы кедергі болды. Евгений талдан өрілген бұйымдарды дайындайтын шеберхана құру туралы Эминнің ұсынысына бірден келісті. Дәріс алған алғашқы топ 12 адамнан құралды. 

Алайда өрілген өнімдерге қызығушылар аса көп болған жоқ. Сондықтан жаңа қызмет түрлерін дамытып, нарықта сұранысқа көбірек ие болатын тауарларды шығару туралы шешім қабылданды. Соның нәтижесінде өрілген өнімдерді өндіру 90%-ға қысқартылды. Оның орнына 2016 жылғы қыркүйекте шеберханада жаңа қызмет түрлері: құрама жиһаз жасап шығару, тігін тігу бойынша қызметтер көрсету, сондай-ақ ағаштан кәдесый жасау ісі қолға алынды.

Әлеуметтік кәсіпорындағы арнайы білімі жоқ қызметкерлердің барлығы әуелі оқып-үйренеді, содан кейін шеберлер ұжымының қатарына кіреді. Жұмыскерлер үшін біліктілігін жақсарту курстары жүйелі түрде өткізіледі. Қазір шеберханада 15 адам жұмыс істейді, оның ішінде 12 адам – дене мүшелері кемтар, бірақ жұмыс істеп, дами беруге деген орасан зор тілегі бар жандар. Әлеуметтік шеберхана олардың әлеуетін іске асыруына көмектеседі. 

Осыдан кейін Эмин әлеуметтік кәсіпкерлер мектебін ашуды жоспарлап отыр, онда қалаған адамдардың бәрі оқып-үйрене алады. Сондай-ақ кемтар адамдарға арналған жұмыспен қамту орталығын ашу мүмкіндігі қарастырылуда.