By British Council

29 Қаңтар 2021 - 10:30

Байқаудың «Ағылшын тілі екінші тілімдей» санатының жеңімпазы Айнұр Кәрім шығармашылық жолы, армандары мен жеңгені туралы жаңалықты естіген сәттің қалай әсер  еткені туралы әңгімелеп берді. 

«Осы байқауда жеңіске жеткенім туралы BBC-дің радиодрама бөлімінің директоры Тоби Свифттің жіберген хатынан білдім. 5 қараша күні түнде, үйдегілердің бәрі шырт ұйқыда жатқан кезде хат келді. Бәріне сүйінші хабарды айтқың келіп тұрғанымен, таң атуына әлі алты сағаттай уақыт бар сезімді елестетіп көріңіз. Бұл сәт ешқашан жадымнан шықпайтын шығар», - деп еске алды Айнұр.

Айнұрдың айтуынша, жеңемін деп ойламаған. Себебі байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен 1000-1500 қойылым келіп түседі. 

«Сөйте тұра, іштей жетістікке жететініме сендім. Бірден қатысуға ұйғардым. Бірақ дәл сол сәтте бәйгеге қосатындай пьесам да болмады. Сол үшін арнайы байқау үшін жазуға ұйғардым. Сөйтіп BBC сайтындағы нұсқаулықты қарап шығып, бірнеше пьеса тыңдадым. Соның өзінде радиокеңістік біртүрлі көрінді. Қалай десек те, кейіпкерлер физикалық тұрғыда кіріп-шықпайды, көзге көрінбейді. Жұмыс барысында сахналау үшін жазып жатырмын деп ойладым. Кейін кейіпкерлерімді дыбыс кеңістігіне қайта оралтып отырдым. Байқауда маған бәрі ұнады: BBC-дің беделі де, сыйлық та, халықаралық деңгейі де, ағылшын тілін білгеннің пайдасы да. Бәлкім, болашақтағы жобалар үшін байланыс орнатып та қалармыз. Жеңетініме күмән көп болды, әрине. Өйткені байқауға бүкіл әлемнен шамамен 1000-1500-ге жуық  пьеса түсетінін оқыдым. Дегенмен іштей сендім», - дейді драматург.

Айнұр үш жылдан бері пьеса жазумен айналысып келеді. Оның жұмыстары бірнеше байқаудан жүлде алып, оқып танысып, дайындық жасалған, бірнеше жерде жарияланған. Болашақта пьесаны қою туралы аз да болсын ұсыныс жасалған. Бірақ әзірге сахналанбады.

«BBC-дің Лондондағы қойылымы пьесамның алғаш рет қойылуы болады. Мұны мойындалу деп білемін. Әрі дәл осы пьса үшін төленетін қаламақы да шабыттандырады. Өйткені пьеса жазып көп ақша табу мүмкін емес деген пікір бар. Ал негізгі әсерімді айтар болсам, бәрі алда секілді болып көрінеді. Пандемия кедергі болмаса, Лондонға сапарлатамыз, BBC-дің пьесаны жазу барысына қатысамыз, Англияда режиссермен жұмыс істейміз. Сонымен бірге нақты пьеса үшін алғаш рет қаламақы аламын. Бұған дейін маған киносценарий үшін ғана төлеген еді. Сондықтан, мол әсер аламын деп үміттенемін», - дейді Айнұр. 

Ең қызығы, Айнұр драматургияға құқықтанудан келген. Өзінің айтуынша, негізгі жұмысына байланысты әлемнің әр жерінде болған. Сол кездерде хобби ретінде жазушылыққа шабыты ашылыпты.  

«Жазушылықты мамандық ретінде алып жүру туралы алғаш рет 2016 жылы ой келді. Сол кездерде түрлі интернет-порталда жариялана бастадым. Өзімді Трэвел-блогер, сериалдарға арналған диалогтар авторы ретінде байқап көрдім. 2018 жылы өзімнің тұңғыш пьесам —  « Whats up пятый Б?» комедиясын жаздым. Ол жерде оқиғаның бәрі виртуал кеңістікте, 5-сынып оқушыларының ата-аналары жиналған уатсап-чатта өтеді. Пьесам Drama.kz драматургтер байқауында және ресейлік Литодрама, германиялық Баденвайлер-2020 байқауларында  үздік деп танылды. 2019 жылы «Летящей походкой» пьесасын жаздым. Мұнда КСРО тарқағаннан кейін жақсы жұмысын тастап, алып-сатумен айналысуға мәжбүр болған үш құрбының оқиғасы баяндалады. Пьеса Drama.kz байқауының финалына жетіп, ресейлік Любимовка-2019 байқауының ұзын тізімінде болды. Байқаудан кейін пьеса «Современная драматургия» (Ресей) журналына басылды. 2020 жылы BBC байқауы үшін арнайы «Паспорт» комедиясын жаздым. Мұнда жоғалған құжаттың бірнеше адамның басын қалай біріктіретіні туралы баян етіледі. Әзірге мен комедия жанрында жазамын. Бірақ болашақта салмақты дүниелер туады деп үміттенемін», - дейді Айнұр. 

Естеріңізге сала кетсек, біз жыл сайын Дүниежүзілік BBC қызметімен бірлесіп халықаралық радио-драматургия байқауын ұйымдастырамыз. Бұл — драматургтер үшін үлкен мүмкіндік. Өйткені олардың радио-пьесаларын бүкіл әлем, Дүниежүзілік BBC қызметінің миллиондаған тыңдарманы тыңдайды.