By British Council

06 November 2020 - 09:44

«Best English Video Lesson» байқауы жеңімпаздарының бірі Ұлдана Наурызбаева неге мұғалім болуды армандады және байқауға қатысуы оның кәсіби шеберлігін шыңдауға қалай көмектескенін айтты.

«Мен Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Құрманғазы ауылында дүниеге келгенмін. Отбасымда анам және екі әпкем бар. Бауыржан Бегалиев атындағы орта мектептің түлегімін. Ұстазыма еліктеп, шет тіліне қызықтым. Ұстазым оқыған жоғарғы оқу орнында білім алуды, сол кісідей мұғалім болуды армандадым».

Ұлдана 2013 жылы мектепті үздік аяқтап, Алматы қаласындағы Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және Әлем Тілдері университетінің грантқа түсіп, 2017 жылы «Шет тілі: Екі шет тілі» мамандығын үздік тәмәмдады.

«Алматы қаласы мектептеріне жұмысқа қалуға ұсыныстар болғанына қарамастан, өз ауылыма келуді жөн санадым. Қазіргі сәтте Абай атындағы жалпы орта мектебінде қызмет етемін.  3 жылдық жұмыс тәжірибем бар, санатым - педагог-модератор».

Атап кетерлік Ұлдананың аудандық және облыстық деңгейдегі  жетістіктері бар. Оның айтуынша, таңдаған мамандығы үшін еш өкінбейді.

«Оқушыларым аудандық және облыстық сайыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр.  Мұғалім ретінде оқушыларымның әрбір кішкентай жетістігіне қуанамын».

Ұлдана «Best English Video Lesson» байқауға қатысар алдында жай бағын сынап көргісі келді. Ағылшын тілі мұғалімдерінің ішінен топ жарып шығады деген де ойы болмады.

«Негізгі мақсат – тәжірибе жинақтау, шетел әдістемесін үйрену, оны өз жұмысымда пайдалану, ақпарат алмасу болды.  Вебинарларға қатысып, өте құнды мағлұмат алуыммен тренерлердің қолдауы -  осының барлығын практика жүзінде ұштастыруыма шабыт берді. Топ жарып шықпасам да маған алдағы қызмет жолымда үлкен пайда боларына сенімді болдым. Өйткені тренер берген әр күнгі ақпарат мен үшін жаңа әрі бағалы болды. Сонымен қатар қазіргі пандемия жағдайында тиімді білім беру бағдарламалары мен ресурстары туралы ақпараттанып, пікір алмасқым келді. Сондықтан Британдық Кеңес материалдарымен тереңірек танысуды мақсат еттім».

Женімпаздың айтуынша, Британдық Кеңестің ұйымдастыруымен өткен бастауыш және орта сынып оқушыларына сабақ беретін мұғалімдерге арналған «Ағылшын тілінен үздік бейне сабақ» байқауының оған берген көмегі орасан зор.

«Мен алғашында 11 сыныпқа арналған грамматикалық «Question tags» тақырыбын таңдадым. Бұл жұмысыммен үздік 30 финалисттің қатарына ендім. Кейін финалисттерге арналған  жеке және практикалық жұмыстар бойынша видеоны жақсарту мақсатында кеңестер, ұсыныстар берілді. Әрбір вебинар сайын білімімді тереңдетіп, әдістемелік жағынан дамып отырдым деп айта аламын. Финалдық жұмысымда 11-сыныпқа арналған грамматикалық тақырып – «The Passive» болды. Жұмысымның нәтижесінде Атырау облысы бойынша 1-орынға қол жеткіздім».

Тек  қашықтан оқу жағдайындағы әдістеме ғана емес, дәстүрлі оқытуда да пайдалы болды.

«Себебі мен жан-жақты дамыдым. Атап айтсам, оқу мақсатына сай сабақ мақсатын айқындай алу, соның ішінде «Смарт-мақсатты» оңай құра білудің әдістемесін үйрендім. Сабақ барысында білім алушылардың бірден өз деңгейін анықтауға арналған  техникалар топтамасымен танысып, жұмыс жасай алдым. Қазіргі кезең технологиялар заманы болғандықтан, баланың қызығушылығы да соған негізделген. Осы тұрғыда әрбір сабақты қызықты етіп өткізу мен оқушыларды ынталандыру жолдарын үйрендім. Видео сабақты ықшамды әрі құнды ақпараттармен өткізе білдім. Бұл бағдарлама берген пайданы әлі ді өз еліміздің әдістемесімен кіріктіріп, тәжірибемде қолданамын деп сенемін. Жас мұғалімдер үшін мұндай бағдарламалар өте қажет болғандықтан, жиі ұйымдастырылғанын қалар едім».

Еске сала кетейік, пандемия кезінде мұғалімдерді қолдау мақсатында, British Council «Best English Video Lesson» онлайн-байқауды ұйымдастырған. Оған бүкіл Қазақстаннан 200-ден астам мұғалім қатысты. Бұл Британдық Кеңестің интернет-ресурстарын қолдана отырып, ағылшын тілі пәні бойынша видео сабақтардың сапасын жақсартуды мақсат етті. Жобаны «Теңізшевройл» ЖШС қаржыландырды, яғни бұл олардың Қазақстандағы ағылшын тілі мұғалімдерінің  кәсіби дамуына қосқан үлесі.