Егер сіздің жоғары оқу орныңыз қызметкерлер мен студенттердің ұтқырлығы, бірлескен бағдарламалар, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмысы немесе әлеуетті арттыру секілді бағыттарда британдық университеттермен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі болса, қолда бар мүмкіндіктер туралы пайдалы ақпаратты осы жерден табуға болады.

Erasmus+ 

Еуропалық Одақ 25 жылдан астам уақыттан бері қызметкерлер мен студенттердің ұтқырлығын қамтамасыз етуге және Еуропа мен басқа елдердегі мекемелердің арасында ынтымақтастықты дамытуға бағытталған Erasmus бағдарламасын қаржыландырып келеді. Жаңа Erasmus+ бағдарламасы бұрынғы ЕО бағдарламаларының (Erasmus Mundus, Tempus, Alfa және Edulink) тәжірибесі мен жетістіктерін пайдалана отырып, еуропалық және еуропалық емес жоғары оқу орындары үшін бұрынғыдан да көп мүмкіндік ұсынады.

Бағдарламаның шеңберінде еуропалық және еуропалық емес жоғары оқу орындарының арасында студенттер мен қызметкерлер алмасуға, сондай-ақ бірлескен магистрлік және докторлық бағдарламаларға және институттар арасындағы серіктестіктерге қаржылық қолдау көрсетіледі. Ол қаражаттың бір бөлігіне тікелей Еуропалық комиссия билік етеді. Ұлыбританияда Erasmus+ бағдарламасына Ұлыбританияның Ұлттық агенттігі – British Council мен Ecorys арасындағы серіктестік жетекшілік етеді. British Council жоғары білім беру саласында Erasmus+ бағдарламасының шеңберінде жүзеге асырылатын дербес қызметті басқарады.

Халықаралық несиелендіру ұтқырлығы

«Erasmus+ бағдарламасының шеңберінде тұңғыш рет еуропалық («бағдарлама») және еуропалық емес («серіктес») елдер арасында қызметкерлер мен студенттер алмасу «Халықаралық несиелендіру ұтқырлығы» деп аталатын бастама арқылы жүзеге асырылады. Қатысушы серіктес елдердің тізімі веб-бетте келтірілген. Бағдарламаға қандай елдердің қатысатынын сондай-ақ сілтеме бойынша білуге болады.

Бағдарламаның шеңберінде қаржыландыру туралы өтінімдерді қатысушы елдердің мекемелері бере алады. Алайда, британдық университеттермен байланыс орнатқан мекемелер осы қаржыландыру арнасын дәріс беру мен зерттеу жұмыстары саласындағы институтаралық байланыстар мен әлеуетті серіктестікті нығайту құралы ретінде пайдалана алады.

Егер британдық университеттермен байланысыңыз әзірге болмаса, бірақ Erasmus+ бағдарламасы шеңберінде қаржыландыруды пайдаланып, байланыс орнатуға мүдделі болсаңыз, серіктестік мүмкіндіктері туралы айтылған веб-бетті ашып, әлеуетті серіктестерге арналған нысанды көшіріп алып, толтырыңыз.

Егер сізге бірлескен бағдарламалар, әлеуетті арттыру мүмкіндіктері туралы немесе басқа бағдарламалар туралы ақпарат қажет болса, Erasmus+ бағдарламасының шеңберінде еуропалық жоғары оқу орындарымен бірлескен жұмыс жөніндегі Еуропалық комиссияның нұсқауымен танысуға немесе, егер сіз 27 серіктес елдің біріне жататын болсаңыз, Erasmus+ бағдарламасының жергілікті кеңсесіне хабарласуға болады».

Ньютон Қоры

«Ньютон Қоры – Ұлыбритания үкіметінің 375 миллион фунт стерлингіден тұратын бюджеті бар бастамасы. Ол бес жылға арналған және Ұлыбритания мен 15 серіктес елдің: Қытай, Үндістан, Бразилия, Оңтүстік Африка, Мексика, Колумбия, Чили, Түркия, Малайзия, Таиланд, Вьетнам, Индонезия, Филиппин, Мысыр және Қазақстанның арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Бағдарлама серіктес елдердің ұзақ мерзімді экономикалық дамуына және халқының әл-ауқатын арттыруға септеседі және жоғары оқу орындары үшін ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметте серіктестік байланыстарды дамыту саласында жаңа мүмкіндіктер ашады.

Қордың қызметі British Council ұйымының, Ұлыбританияның Жоғары білім беру жөніндегі халықаралық тобының, британдық зерттеулер жөніндегі кеңестер мен көптеген басқа серіктестердің қолдауымен жүзеге асырылады. Нютон Қорының мүмкіндіктері жайында British Council немесе www.newtonfund.ac.uk сайтынан көбірек білуге болады».

Horizon 2020 

Horizon 2020 – Еуропалық Одақтың ғылыми зерттеулер мен инновациялар саласындағы аса ірі бағдарламасы, жеті жылға (2014-2020 жылдар) арналған, бағдарламаның шеңберінде кейіннен тартылуға тиісті жеке инвестицияларды санамағанда, бюджеті 80 миллиард еуроға жуық. Бағдарлама кәсіпкерлікте ғылыми идеяларды пайдаланудың арқасында әлемдік маңызы бар жаңалықтардың, жетістіктер мен инновациялардың өсуінен үміт күттіреді.

Ғылыми зерттеулер мен инновацияларды ұштастыра отырып, Horizon 2020 бағдарламасы ғылыми және өндірістік қызметке жетекшілік етуде тамаша нәтижелерге жетуге, сондай-ақ қоғамның алдында тұрған неғұрлым елеулі мәселелердің бірқатарын шешуге көмектеседі. Бағдарламаның мақсаты еуропалық және басқа елдердің ғалымдарының әлемдік маңызы бар ғылыми нәтижелерге талпынуда бірлесіп жұмыс істей алуын, инновацияларға апаратын жолдағы кедергілерді жоюды және инновациялар саласында мемлекеттік және жекеменшік сектордың бірлескен жұмысын жеңілдетуді көздейді.

Horizon 2020 Еуропалық Одақтан тыс орналасқан мекемелермен ынтымақтасудың әр түрлі мүмкіндіктерін ұсынады. Алайда, аймаққа, ұйымдардың заңи және экономикалық мәртебесіне қарай әр түрлі ережелер қолданылады.

Horizon 2020 ұсынатын мүмкіндіктерді қалай пайдалануға болатынын Еуропалық комиссияның Horizon 2020 бағдарламасы бойынша ақпараттық порталынан оқып біліңіз.

EURAXESS UK

Euraxess – ғалымдардың халықаралық ұтқырлығы мен біліктілігін арттыруда қолдау көрсетуге бағытталған ЕО бастамасы. British Council ұйымы Ұлыбританиядағы өзекті зерттеулер туралы мәлімет, ұтқыр зерттеушілерге арналған іс-тәжірибелік ұсыныстамалар, сондай-ақ вакансиялар және халықаралық зерттеулерге арналған гранттардың дерекқоры берілген Euraxess UK веб-сайтын басқарады.