«Жасампаз Орталық Азия» форумы Астана қаласында жасампаз және мәдени экономика саласында көшбасылықты дамыту жөніндегі үш жылдық бағдарламаның шеңберінде өткізіледі. Бағдарлама Ұлыбританияда және Орталық Азияда (Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан) мемлекеттік органдардың, жекеменшік сектордың және азаматтық қоғамның өкілдерінің арасында пікірталасты өрбітуге және байланыс орнатуға бағытталған.

Форум 2017 жылғы 24-25 қарашада Wyndham Garden Astana қонақүйінде (Тұрар Рысқұлов көшесі, 6/1) өтеді. Іс-шараға Ұлыбритания мен Орталық Азиядан мәдени және жасампаздық сектордың 80 өкілі шақырылды, оларды Британдық Кеңес ұйымы Конференцияны ұйымдастыру жөніндегі стратегиялық топпен бірлесе отырып іріктеп алды. Мүдделі тұлғалар да форумға Интернет арқылы қосылуға мүмкіндік алады.  

Форумның мақсаты – Ұлыбританиямен тығыз ынтымақтаса отырып Орталық Азияның мәдени және жасампаз экономикасын дамытуға, сондай-ақ барлық қатысушы елдердегі экономикалық және әлеуметтік дамуды жеделдетуге, яғни «қоғамдық игіліктерді» қалыптастыруға жағдай жасайтын ықпалды әрі белсенді көшбасылар желісін құру.

Форумда қатысушылар мәдени және жасампаз экономиканың кешенді ландшафтын (сондай-ақ оның өркендеуі үшін қажетті экожүйені) тереңнен түсінуге және ұлттық дамуды қолдауға арналған мәдени тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің әлеуетін жақсырақ бағалауға көмектесетін озық жұмыс әдістері туралы айтып береді. Олар сондай-ақ жалпы күн тәртібінің шеңберінде Ұлыбританияның жәрдемімен (бұл мүмкін болған жағдайда) Орталық Азияның мәдени және жасампаз экономикасы саласындағы ағымдық жағдайды анық түсінудің негізінде болашақ даму басымдықтарын өзара келіседі.  

Конференцияның жұмыс тілдері – ағылшын және орыс. Қажет болған жағдайда аударма ұйымдастырылады.