By IELTS Expert

20 Ақпан 2023 - 20:17

Finding the right English proficiency test for you, blog image

Ағылшын тілін меңгеру деңгейін анықтайтын ең танымал тестілер туралы біліп, өзіңізге ыңғайлысын анықтаңыз:

  • Ағылшын тілін меңгеру деңгейін анықтауға арналған ең танымал тесттер
  • Тесттердің негізгі ерекшеліктері
  • Тесттер қалай салыстырылады
  • Өзіңіз үшін дұрыс тестті таңдау жолы
  • IELTS тестіне дайындық

Ағылшын тілін меңгеру деңгейін анықтайтын тестті тапсыру қажет екенін түсініп, ыңғайлы барлық нұсқаны зерттей бастағанда, әрине, көптеген сұрақ туындауы мүмкін.

Қай тест қалғандарына қарағанда оңай? Компьютер арқылы қай тестті тапсыруға болады? Қайсысы жылдам нәтиже береді?

Таңдау жасамас бұрын әр тесттің негізгі ерекшеліктерін мұқият оқып шығу керек екені түсінікті. Сондай-ақ сынақ тестілерін түсіну, сенімді болу, тесттің форматы, бағалау критерийлері сияқты факторлар туралы ойлану қажет.  

Кез келген тестті белгілі бір мақсатқа сай тапсыру керектігін есте сақтаған жөн. Мысалы, мақсатыңыз білім алу үшін беделді Ivy League оқу орындарының біріне түсу болса, онда ағылшын тілін меңгеру деңгейіңіздің академиялық ортаға сәйкес келетіндігін анықтауға арналған IELTS және TOEFL сияқты тесттерді тапсырып көрсеңіз болады. 

Ал егер сіз Америка Құрама Штаттарында оқығыңыз келсе, «тек TOEFL сынақ тесті ағылшын тілін меңгеру деңгейін анықтайтын ең ыңғайлы тест» деген пікір шындыққа жанаспайды. АҚШ-та оқу үшін IELTS Academic Test сынағынан өтсеңіз де болады. Себебі АҚШ-тың 3400-ден астам мекемелері (Ivy League мүшелерін қосқанда) мен бағдарламалары осы тест сынағын ағылшын тілін меңгергендіктің дәлелі ретінде қабылдайды. 

Егер шетелге төмен білім деңгейімен жұмысқа, оқуға немесе тағылымдамадан өтуге барғыңыз келсе, ағылшын тілін меңгеру деңгейін анықтайтын кең таралған және танымал кез келген тесттің бірін тапсыра аласыз. Мұндай тесттер сіздің ағылшын тілін меңгеру деңгейіңізді тек практикалық және күнделікті қолданыстағы контексте ғана өлшейді.

Ағылшын тілін меңгеру деңгейін анықтауға арналған ең танымал тесттер

Ағылшын тілін меңгеру деңгейін анықтауға арналған ең танымал тесттер - IELTS, TOEFL, TOEIC, CELPIP және KET, PET, FCE, CAE және CPE Cambridge English Qualifications сынақтары. Дегенмен, IELTS және TOEFL басқаларына қарағанда беделді, өйткені бұл тест сынақтарын ағылшынша сөйлейтін және ағылшынша сөйлемейтін елдерде көптеген ұйымдар мойындап, қабылдаған. 

Ағылшын тілін меңгеру деңгейін анықтайтын тесттер еңбек саласында да кеңінен қолданылады. Жұмыс берушілер, кәсіби ұйымдар мен қауымдастықтар дұрыс мамандарды таңдауға көмектесу үшін сынақ нәтижелеріне сүйенеді. Осылайша, осы тесттердің жақсы нәтижесі сіздің кәсіби болашағыңызды айтарлықтай жақсарта алады. 

Тесттердің негізгі ерекшеліктері

IELTS

IELTS ағылшын тілі негізгі қарым-қатынас тілі ретінде жүретін жерде оқығысы немесе жұмыс істегісі келетін адамдардың тілді меңгеру қабілетін бағалауға арналған. Дүние жүзіндегі 11 000-нан астам ұйым мойындаған жоғары білім алу мен жаһандық көші-қон үшін әлемдегі ағылшын тілін меңгеру деңгейін анықтауға арналған ең танымал тест.  

Тест төрт бөлімнен тұрады: Тыңдау, оқу, жазу және сөйлеу. Осы бөлімдердің әрқайсысына жеке-жеке ұпай қойылады, осы ұпайлардың нәтижесінде жалпы ұпай шығады. Нәтижелер 1-ден (ең төменгі) 9-ға (ең жоғары) дейінгі шкала бойынша орташа жалпы ұпай есептеледі. IELTS нәтижесі тест тапсырған күннен бастап, екі жыл бойы жарамды.

IELTS тест сынағының екі түрі бар – IELTS Academic және IELTS General Training сынағы. Мақсатыңызға қарай екеуінің бірін тапсырсаңыз болады. IELTS Academic сынағы ағылшын тілін меңгеру деңгейіңіз академиялық ортаға сәйкес келетіндігін не келмейтіндігін анықтайды, сондықтан бұл сынақ академиялық тілдің аспектілерін көрсетеді. Ал IELTS General Training сынағы ағылшын тілін меңгеру деңгейіңізді практикалық, күнделікті қолданыстағы контексте сай анықтайды. Әрине, тапсырмалар мен бөлімдер жұмыстағы жағдайларға да, әлеуметтік жағдайларға да қатысты болады. 

IELTS сынақ тестін British Council ұйымында тапсырғыңыз келсе, мұны әлемнің кез келген жерінде орындай аласыз: орналасқан жері ыңғайлы және заманауи жабдықтармен жабдықталған 800-ден астам ресми British Council IELTS тест орталықтары бар.  

TOEFL

Бұл бүкіл әлемдегі университеттер мен институттар қабылдайтын ең танымал америкалық тест. Тестті бастапқыда Вашингтондағы қолданбалы лингвистика орталығы жасаған. Тестте қолданылатын тіл ағылшын тілінің күнделікті академиялық жағдайда қалай қолданылатынын дәл көрсетеді, ал тест мазмұны интеграцияланған тапсырмалар арқылы толығымен академиялық негізде жасалған. IELTS сияқты TOEFL да төрт негізгі тілдік дағдыларды бағалайды: тыңдау, оқу, жазу және сөйлеу. 

Қазіргі уақытта TOEFL iBT тестін үш түрлі жолмен тапсыруға болады: тестілеу орталығында, үйде және қағаз бетінде. TOEFL iBT тестінің үйде тапсыру мүмкіндігі арқылы үйден шықпай-ақ сынақты тестілеу орталығында тапсыра аласыз. Ал TOEFL iBT тестінің қағаз бетінде тапсыру мүмкіндігі бірдей төрт дағдыны бағалайды және бұл тесті екі сеанста аяқтау қажет. Сөйлеу дағдысы үйдегі компьютерде тапсырылса, қалған үш бөлім тестілеу орталығында қағаз нұсқада тапсырылады. 

TOEFL сынақ тестінің әр бөлімі 0-ден 30-ға дейінгі ұпаймен бағаланады, сондықтан бәріне дұрыс әрі сауатты жауап берсеңіз 120 балл жинай аласыз. Ал сынақтың нәтижесі 2 жылға жарамды. 

TOEIC

Халықаралық қарым-қатынасқа арналған ағылшын тілі тесті сіздің жұмыс орныңыздағы қарым-қатынас дағдыларыңызды бағалайды. Бұл сынақта тыңдау және оқылым ұпайларын қосу арқылы жалпы 990 ұпай (CEFR C1 деңгейіне балама) алуға болады. Сынақтың ауызша және жазбаша бөлігінде ұпайларды есептеудің басқа схемасы қолданылады. Басқа тест сынақтары сияқты TOEIC нәтижесі да екі жылға жарамды. 

Тест сіздің бүкіл әлем бойынша әріптестеріңізбен және клиенттеріңізбен байланысу қабілетіңізді көрсетуге көмектесетіндіктен, оны бүкіл әлемдегі компаниялар, трансұлттық корпорациялар, халықаралық және мемлекеттік органдар жоғары бағалайды. Мысалы, авиация саласындағы компаниялар оны өз қызметкерлерінің ағылшын тілін меңгеру деңгейін бағалау үшін пайдаланады.

CELPIP

CELPIP деген атпен танымал канадалық ағылшын тілін меңгеру индексі бағдарламасы Канададағы ағылшын тілін меңгеру деңгейін айқындауға арналған жетекші жалпы тест сынағы. Ол сіздің ағылшын тілін қандай деңгейде меңгергеніңізді әртүрлі күнделікті жағдайлар арқылы бағалайды және негізінен иммиграциялық және кәсіби мақсаттарда қолданылады. Тесттің екі түрі бар: CELPIP – General Test (3 сағат) және CELPIP – General LS Test (1 сағат). Ұзағырақ тест түрі барлық төрт тілдік дағдыларды қамтыса, қысқа нұсқасы тек сөйлеу мен тыңдалымды ғана қамтиды.  

Тест мазмұнына келетін болсақ, CELPIP ағылшын тілінің Солтүстік американдық нұсқасына нақты бағытталған. Мысалы, ағылшын тілінде сөйлейтін әр түрлі елдердің спикерлері қатысатын IELTS тыңдалым тестінен айырмашылығы, CELPIP тыңдалым бөлімінде тек Солтүстік Американың акценті қолданылады. Сонымен қатар, CELPIP тесті толығымен компьютер арқылы тапсырылады, сондықтан сөйлеу тесті де компьютерде өтеді, ал сұрақтарға жауабыңыз жазылып отырады.     

Cambridge English KET, PET, FCE, CAE және CPE

Бұл тесттерді Кембридж университетінің Cambridge English кафедрасы әзірледі. Оларды бүкіл әлемде мыңдаған жұмыс берушілер, университеттер мен үкіметтік министрліктер ағылшын тілін қолдану қабілетінің дәлелі ретінде қабылдайды. Бұл тесттердің бірегей аспектілерінің бірі – тест нәтижелерінің жарамдылық мерзімі жоқ, яғни сынақтардың нәтижесі өмір бойы жарамды.  

Cambridge English сынағының әр тестін бөлек қарастырайық. 

KET (Key English Test): бұл қарапайым жағдайларда қарым-қатынас жасау үшін ағылшын тілін пайдалану қабілетіңізді тексеретін бастапқы деңгейдегі емтихан.  

PET (Preliminary English Test): бұл аралық деңгейдегі сынақ. Егер сізде күнделікті қолдануға арналған практикалық тілдік дағдылар болса, PET тестін тапсырсаңыз болады.   

FCE (First Certificate of English): бұл тест сіздің ағылшын тілінде сөйлейтін елде өз бетіңізше өмір сүруге және жұмыс істеуге немесе ағылшын тілінде оқытылатын курстарда оқуға қажетті тілдік дағдыларыңыз бар екенін дәлелдей алады.  

CAE (Certificate in Advanced English): бұл сіздің жұмыс берушілер мен университеттер талап ететін тілдік дағдыларыңыз бар екенін көрсететін жоғары деңгейдегі терең біліктілік.  

CPE (Certificate of Proficiency in English): бұл Cambridge English ұсынған ең жоғары деңгейдегі біліктілік. Бұл жоғары деңгей ағылшын тілінде сөйлейтін адам сияқты еркін және талғампаздықпен сөйлесе алатыныңызды дәлелдейді. 

Тесттер қалай салыстырылады

Бұл тесттердің нәтижелерін тікелей салыстыруға келмейді, бірақ сіз деңгейлерді өзара салыстырып, түсіну үшін анықтама ретінде тілді меңгеру деңгейін анықтайтын The Common European Framework of Reference (CEFR) халықаралық стандартын пайдалана аласыз.

Тест/Деңгей A1 A2 B1 B2 C1 C2
IELTS - - 4.0-5.0 5.5-6.5 7.0-8.0 8.5, 9.0
TOEFL - - 42-71 71-94 95-120 115-120
TOEIC 120-234 235-549 550-784 785-944 945-990 -
KET (Key) 100-119 120-139 140-150 - - -
PET (Preliminary) - 120-139 140-159 160-170 - -
FCE (First) - - 140-159 160-179 180-190 -
CAE (Advanced) - - - 160-179 180-199 200-210
CPE (Proficiency) - - - - 180-199 200-230
CELPIP - 4 5 6,7 8,9 10-12

Өзіңіз үшін ыңғайлы тестті таңдау жолы

Ағылшын тілін меңгеру деңгейін анықтайтын тестті мақсатыңызға қарай таңдайтыныңызды жоғарыда айтып өткен болатынбыз. Осыны ескере отырып, төменде мақсатыңызға сәйкес ықтимал сценарийлерді жазып шықтық.

1-сценарий: Мен Америка Құрама Штаттарында немесе Канадада университетте оқығым келеді.

IELTS - жоғары білім алу және жаһандық көші-қон үшін әлемдегі ең танымал ағылшын тілін меңгеру деңгейін анықтауға арналған тест. АҚШ-тағы ең ірі институттар IELTS сынағы ағылшын тілін түсіну және ағылшын тілінде сөйлеу қабілетіңіздің шынайы көрінісін көрсететінін мойындайды. IELTS test for the United States елдегі ең үздік 25 университеттің сеніміне ие, оны барлық Ivy League колледждері қабылдайды және АҚШ-тағы ең көп халықаралық студенттері бар 50 үздік университеттің бағдарламаларында қолданылады. Америкалық TOEFL тесті де Америка Құрама Штаттарындағы білім беру мекемелері арасында кеңінен танылған.  

Канадаға келетін болсақ, бұл елде IELTS тесті де танымал. Шын мәнінде, бұл Канададағы университеттер мен колледждер қабылдаған ағылшын тілін меңгеру деңгейін анықтайтын тест.

2-сценарий: Мен Ұлыбританияда, Австралияда немесе Жаңа Зеландияда жұмыс істеп, оқығым келеді.

Ұлыбританияда және Австралия мен Жаңа Зеландияда IELTS сынағын тапсыру арқылы кез келген жерге орналаса аласы. Бұл елдердегі жетекші оқу орындары тесттің сапасы мен сенімділігінің жоғары стандарттарын мойындайды. IELTS сізге оқу орнына түсуге немесе жұмыс іздеуге көмектесе алады. 

Бұл ағылшын тілінде сөйлейтін елдерде білім беру және жұмыспен қамту саласындағы стандарттар өте жоғары. Тіл үйрену сізге әртүрлі мәдени ортада өзіңізді дамытуға және болашаққа арналған дағдыларды үйренуге мүмкіндік береді. Егер ағылшын тілін жетік білсеңіз және оны ағылшынша тапсыратын ең сенімді тесттердің бірімен дәлелдей алсаңыз, қабілетіңіз арқылы басқалардан бір бас жоғары тұрасыз.

3-сценарий: Мен көпұлтты компанияда жұмыс істегім келеді.

TOEIC, IELTS және TOEFL  - бұл жұмысқа арналған ағылшын тілін меңгеру деңгейін анықтайтын ең танымал тесттер. Компаниялар IELTS сынағындағы сияқты нақты дағды компоненттері дұрыс жұмысшыларды таңдауға көмектесетінін түсінеді. Сондықтан, егер сіз халықаралық корпоративті компанияның бір бөлігі болғыңыз келсе, осы тесттердің бірінде жақсы нәтижеге қол жеткізу болашағыңызды айтарлықтай жақсарта алады. Қаржы, мемлекеттік басқару, құрылыс, энергетика, авиация және туризм сияқты салалардағы жұмыс берушілердің көбі тілді жетік меңгерген мамандарды жұмысқа алу үшін IELTS сынағына сенім білдіреді.

4-сценарий: Мен халықаралық бизнесте жоғары мансапқа жеткім келеді.

Бизнес-ұйымдар бизнес-процестерді оффшорға және аутсорсингке ауыстыру қажет деп санайды. Бұл бизнесті үздіксіз жүргізу үшін екі тілді немесе көп тілді қызметкерлерге деген қажеттілік автоматты түрде артады. Сонымен қатар, бұл ұйымдарға жаңа нарықта өз орнын табуға көмектеседі. Мұндай жағдайда компаниялардың ағылшын тілін білетін қызметкерді жұмыстан шығару ықтималдығы әлдеқайда аз. 

Егер сіз халықаралық бизнесте мансапқа жеткіңіз келсе, ағылшын тілін қажетті деңгейде меңгергеніңізді дәлелдеу мүмкіндігі үлкен плюс болады. Академиялық және практикалық, күнделікті жағдайда ағылшын тілін меңгеру деңгейін бағалай алатын IELTS сияқты тест жұмыс берушілерге тілді қаншалықты меңгергеніңізді көрсетуге мүмкіндік береді.

5-сценарий: Мен ағылшын тілін қандай деңгейде меңгергенімді білгім келеді.

Егер сізге ағылшын тілін қандай деңгейде меңгергеніңізді білу қажет болса, онда Cambridge English тесттері жақсы таңдау. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл сынақтар бірқатар деңгейді қамтиды (CEFR A2 - C2 аралығындағы деңгейлер) және нәтмжесі өмір бойы жарамды.  

Алайда, егер IELTS сияқты форматы қиын ағылшын тіліндегі тесттермен танысқыңыз келсе, Take IELTS веб-сайтындағы мына қосымша ақпаратты қарап шығыңыз. Бұл бетте тестті жақсы түсінуге көмектесетін тегін дайындық материалдарын таба аласыз. Сондай-ақ веб-сайтта қолжетімді IELTS тегін онлайн тесттерінің біреуін тапсырып көріңіз. Сонымен қатар, өткен IELTS сынағына қатысқандардың бейнелерін көре аласыз, олар тестідегі тәжірибесін және пайдалы кеңестерін бөліседі.

IELTS тестіне дайындық  

IELTS тестіне British Council арқылы тапсырыс бергенде, сіз онлайн тесттердің үлгісімен, IELTS вебинарлар, мобильді қолданбалар, IELTS Study Pack және бейне сабақтарымен қоса, тегін дайындық материалдарына қол жеткізе аласыз. Бұларды қалай пайдалануды өзіңіз шешесіз. Мақсатыңызға жету үшін тест форматымен дұрыс танысқаныңызға көз жеткізіңіз. Сондай-ақ алтын ережені есте сақтаңыз: IELTS дағдыларын үйренуге неғұрлым көп уақыт жұмсасаңыз, тестілеу күні соғұрлым дайындығыңыз жақсы болады.

Қорытынды

Өзіңізге ыңғайлы ағылшын тілін меңгеру деңгейін анықтайтын тестті таңдауға жеткілікті ақпарат пен сұрақтарыңызға жауап алдыңыз деп ойлаймыз. Мұнда ұсынылған барлық тесттер оларды тартымды ететін ерекше мүмкіндіктерге ие болғанымен, IELTS кейбір қосымша артықшылықтарға ие. Себебі IELTS ағылшын тілін меңгеру дейін айқындайтын әлемдегі ең танымал тест, сонымен қатар ол Common C2 деңгейін де бағалай алады. Сондай-ақ, IELTS  мазмұны бойынша халықаралық деңгейге бағытталған. Оның мәтіндері мен тапсырмаларының мысалдары ағылшын тілді әлемнің түкпір-түкпірінен алынған, сондықтан да бұл тестілеу жүйесі – адал және бейтарап сынақ тесті.

Қандай тест тапсыруға шешім қабылдасаңыз да, ағылшын тілін орташа деңгейден жоғары меңгердім деп ойласаңыз да, дайындықты және тесттерді зерттеуді ұмытпаңыз. Себебі, егер тесттің әр бөлімі қалай жұмыс істейтінін және емтихан алушылар сіздің үлгеріміңізді бағалаған кезде неге назар аударатынын толық түсінбесеңіз, бұл жалпы нәтижеңізге әсер етуі мүмкін. Сәттілік тілейміз!