«Қала көшпенділері» көрмесі – қазіргі заманғы қала көшпенділерін қоршап тұратын ортаны бейнелеу әрекеті. Олардың тұрмысы қалай өзгереді? Қаладан қалаға, елден елге саяхат жасай жүріп қала көшпенділері өздерімен нені ала жүреді? Олардың дүние-мүлкі неден құралмақ: бір концепцияға бағынған дүкендерден сатып алынған заманауи мүліктен бе немесе өткеннің рәміздерінен бе? Қазіргі заманғы қала көшпенділері үшін бәрінен де не маңызды: мүліктің ыңғайлы әрі пайдалы болуы ма әлде біртумалығы мен қайталанбастығы ма?
Қазақстанның мәдени индустриялары өкілдерінің «Қала көшпенділері» атты тұңғыш көрмесі 2016 жылдың жазында Лондондағы халықаралық дизайн фестивалі бағдарламасының шеңберінде өтті.
2016 жылғы қазанда көрме аяқталғаннан кейін Британдық Кеңес Лондондағы Кингстон Университетінің «Қазіргі заманғы дизайн тәлімгерлігі» мамандығының магистранттарына қазақстандық дизайнның қандай күйде екенін анықтауды тапсырды.
Зерттеу барысында студенттер бірқатар тәлімгерлік шешімдер әзірледі. Олар тамақтану мәдениетіне, ішкі кеңістік пен зат сақтау жүйелерін ұйымдастыруға көз тастау арқылы көшпенділіктен қазіргі заманға дейінгі мәдени салт-дәстүрдің даму жолын зерделеді. «Қала көшпенділері» жобасының тәлімгерлерімен бір апта бойы жұмыс істеп, қазақстандық көрнекі орта мен дизайндағы мәдени кодтарды анықтау үшін Алматыға бес студент келді. Жұмыстың нәтижесінде дизайнерлерге дәстүрлі тәсілдер мен қазіргі заманғы үрдістерді біріктіре отырып, көп функциялы трансформер заттарды әзірлеу туралы тапсырма берілді.
Содан кейін дизайнерлер мен қолөнершілерден тұратын 6 шығармашыл топ Сент Мартинс Университетінің «Әңгімелеу ортасы» атты магистрлік бағдарламасы тәлімгерлерінің жетекшілігімен екі күндік мастер-класс барысында өз идеяларын әзірледі. Көрмеде ұсынылған әрбір зат қала көшпендісінің мінез-құлқы мен мұқтаждықтарына, оның қазіргі ортасына сай келеді.